Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  117


Автор: Әбубәкір Қайран

Таңсәрі

Білесің бе жаным нені көкседі?
Бұлттарым босып кетті көшпелі.
Қызықтарым кеткен сынды қыр асып,
Түйелі ауыл түтіндері өшкелі.
Толып, қайта солатұғын бақтайын
Өмір қалай өзгереді сәт сайын!
Түйелі ауыл – түскен жерім «шыр» етіп,
Соны жүрек түкпіріне сақтайын.
Сонда менің маңдайымнан күн сүйген.
Алғаш сонда үзіліпті бір түймем.
Кең шабындық, қалың томар, ну шиден
Тұңғыш рет тұмар тұтып, сыр түйгем.
Сол аспан ғой көзімді ашып көргенім,
Сол аймақ қой сарғалдақ гүл тергенім.
Бармысыңдар, сүттігенім, сүйірігім,
Бірсалар мен адыраспан, ерменім?!
Қайдасыңдар, жусаным мен көкпегім,
Қараған мен тобылғымды көкседім.
Сағындырған сәттерімді қайтейін,
Сағым жуған Тарбағатай бөктерін!
Бір жақсы жыр жазбаспын да... жазармын.
Мен, әйтеуір, сол бір жерден жаралдым.
Сомдалыпты сойым менен бітімім
Арасында Қарғыба мен Базардың.
Көкте Күнім тас төбеден ауғалы,
Аңсарымның ақ нөсері саулады.
Елесетейді – құдығымыз қауғалы.
Шешем, әне!.. Кетті түйе сауғалы.
Елестейді... Елестейді баршасы.
Өтіп кеткен бұл өмірдің қаншасы:
Өссе сонда ұлық түлік ұрпағы,
Ең бірінші қара шалдың арқасы...
Бұл өңірде тарих жатыр қаншама.
Түскен екен талқыға да алқаға.
Қалмақ қорым – Шарбақ бейіт міне тұр,
Әне жатыр Қырық оба мен Төрт оба.
Қайран, қайран, қасиетті қоныстар!
Өткен мұнда қанды майдан соғыстар.
Ата-баба аруағынан айналып,
Тәу етемін, басымды иіп борыштар...
Білесің бе, жаным нені Аңсады?
Шаш – буырыл шабатым да шаршады.
Барам, бүгін талма түстен тайғанап,
Ол күндерім – сүттей аппақ таңсәрі.
Таңсәрім ғой сағымды да сарынды.
Сол шақ баурап жүреді ылғи жанымды,
Солқ-солқ етіп сор татыған жүрегім,
Тікен-тікен түйе тілін сағынды.
Шеңгелімдей қоңыраулар тағынып,
Тұрам тағы түйе тілін сағынып...
Сәскеге емес, талтүске емес, мен, сірә,
Көз жұмармын таңсәріме табынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу