Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  87


Автор: Әбубәкір Қайран

Түсінермін өмірді...

Түсінермін өмірді,
Түсінбеспін.
Түкірмеспін –
Көрмесе ісімді ешкім.
Ішінде өстім жалаңаш жартастардың,
Сондықтан да келмейтін бүтіндеткім,
Жыртығым бар,
От жанса жасыра алмас түтінді ешкім,
Мен бәлкім бұл өмірді түсінбеспін.
Мен туыппын,
Сонан соң туыпты арман.
Ер жетіппін от іздеп суық қардан.
Суып қалған кезімде шуақ төгіп,
Арманым қол бұлғайды жуық маңнан.
Біреулердің арманы теңге болып
Құтыла алмай жатқанда уыстардан.
Ұғынғым кеп,
Өмірді ұғынғым кеп,
Жырын жыр деп, Нұрын нұр,
Түнін күн деп,
Сәби болып қарап ем жан-жағыма,
Бір сұлудың бір сұлу түрін күндеп,
Бір ақынның бір ақын жырын күндеп,
Тұр екен бір-біріне сүрінгін деп.
Көрдім бәрін,
Көрмеуім керек еді,
Тұрдым бір сәт Помпей боп бүлінгім кеп.
Бүлінбедім,
Мен бірақ бүлінбедім,
Бір бүлінсем жиналмас үгінді едім.
Құмнан тұрған құмыра қирап түссе,
Қиын болар дедім де,
Күбірледім.
Құм құмыра ішінде шарап емес,
Шабыт қана тұрған соң түңілмедім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу