👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  44


Автор: Әбубәкір Қайран

Қоқан хандығы. Мәделі. Жеңіс

Ертеде Қоқан кіші хандық болған,
Қосылған елдей еді қаңғып жолдан.
Бұқардан бір бүйірлеп бөлінгенде,
Еліне жер-мекені тарлық болған.
Ирдан-би бағын ашқан бұл хандықтың,
Жасаған неше түрін құрбандықтың.
Әндіжан, Наманган мен Маргеланды
Жаулап ап, азаматын қылған тұтқын.
Нығайған хандық болып, астамсынды,
Көршіге көз алартып, батпансынды.
Әлім бек хан болған соң бұл Қоқанға,
Басқалар болмай қалды астар құрлы.
Әлім бек атанбаған текке мықты,
Алысқан дұшпандарын бөктеріпті.
Жел есті айдарынан, даңқы дулап,
Алған соң кіндік қала Ташкентті.
Ол қойды жаугершілік талапты алға,
Көз сүзді көк жайлау мен сабаттарға.
Семсерін сілтеп қалды бір күндері
Ташкент маңындағы қазақтарға.
Айырмай қасын дағы, досын дағы,
Бастары қазақтардың қосылмады.
Көз жұмып, көп шаңырақ Қытай асты,
Соншалық Әлім бектен шошынғаны.
Әлім бек он жыл бойы құрды хандық,
Артында ісі қалды сөз қыларлық.
 Одан соң Омар хан боп келді дағы,
Сайрам мен Түркістанды алды тартып.
Қазақтар шыға алмады қара сордан,
Құнысып, құтылмады құрған тордан.
Салынды бекіністер – Жөлек, Меркі,
Шымқорған, Күмісқорған, Жаңақорған.
Ерлердің кеудесінде тұнды қапа,
Күлкісіз, күрсінумен күнді ұзарта.
Әуелден қос бекініс бой көтерген –
Атақты Ақмешіт пен Әулиеата.
Қалың ел баз кешкен шақ жарығынан,
Кененің үміт күткен дабылынан.
Суырдай інде қалған ій боп кетті,
Қоқанның қаруынан, салығынан.
Бұл кезде Мәделі хан Қоқандағы,
Халқы оны жақсы көріп, хош алмады.
Бұқардан, Хиуадан да қысым көріп,
Белбеуі бұл хандықтың босаңдады...
Хан жатыр, міне, шалқып сарайында,
Өткізді ойын-тоймен жаз айын да.
Бұлдырап көзі жетпей болашаққа,
Білмейді тартар сәтін сазайын да.
Қасында Ханпаша айым – сұлу ханым.
Өртеуде көкірегін қызыл жалын –
Әкенің жас тоқалын әйел қылды ол,
Естіген мұндай сұмдық бұрында кім?!
Ханпаша сұлу еді, расында,
Бөленген тал мүсіні кіл асылға.
 Ол дағы арсыздардың арсызы екен,
Әйтпесе, бұл құшаққа құласын ба?!
Құмарлық құрығында өмірі өтіп,
Мәделі мас болады көңілі елтіп.
«Махаббат! Махаббатым!» дей береді,
Аруағын әкесінің күңірентіп.
Санасын сайтан билеп,тұман басқан.
Діндарлар түкірініп мұнан қашқан.
Түс көрді түнде ғана, жатыр екен
Қып-қызыл қалың өрттен шыға алмастан.
Оянып, «бұл не екен?» деп ойға батты.
Бір үрей тамырларын бойлап ақты.
Артынан тез ұмытып көрген түсін,
Күнәһар күпірлігі бастан асты.
Ажалын аңғармады түске кірген,
Сөз болды арам-азғын істерімен.
Болжамай алты айдан соң не боларын,
Тек ләззат, тек рахатты күтті өмірден.
Білмеді ол нас аңыз боп қалатынын,
Тозаққа о дүниеде баратынын.
«Харам» деп, дін жолымен Насрулла
Бауыздап, басын кесіп алатынын....
Осылай хан Мәделі жатқан еді,
Тағы да тамаша ойға батқан еді.
«Жау шапты! Жау шапты!» деп апалақтап,
Үстіне бас қолбасшы аттап енді.
Жастықтан басын оқыс жұлып алды,
Денесін үрей қарып бір ызғарлы.
 Елестеп Бұқар ханы Насрулла,
Сұсымен шошытқандай тым ызбарлы.
«Не дейсің? Не дейсің?» деп қырылдады.
Көзіне көрінгендей шыбын жаны –
Қаласын қоршап алса Насрулла,
Дәл бүгін төгілмей ме қызыл қаны?!..
Қолбасшы: «Кенесары келді!» деді...
Бұл хабар қалай мұны сендіреді?
Торғайда кеше ғана жатқан Кене,
Бұл жерде туы қалай желбіреді?
«Анықтап айтшы!» деді қолбасыға,
Қолбасы жаңа түсті арнасына.
Қалың қол жерді жарып шыққандай боп,
Созақты қоршап апты таңды атыра.
Кенеге Созақ бірақ берілмей тұр,
Алайда үміт оты көрінбей тұр.
Қазақтың қан аңсаған қасқырлары
Қаладан қарыс-сүйем шегінбей тұр.
Қалаға отты жебе оқ атуда,
Қамалға, орға таман жанасуда.
Созақтық сұр мергендер қарап қалмай,
Олар да жауға жебе боратуда.
Кененің келген қолы қалың екен,
Деп тұр ғой жау қамалын жарып өтем.
Білдірмей бір-ақ күнде басып қалған,
Қанішер Кенесары залым екен!..
Болды енді Мәделінің көзі атыздай,
Бір күйіп, бірде жаурап тоңатындай.
 Мынау бір Қоқан деген қаласында
Омалып қала ма енді соры ашылмай?!.
Күдігі Мәделінің рас шықты –
Екпіні хан Кененің тым-ақ мықты.
Қамал мен ор қоршаған Созақтың да
Қақырап шаңырағы құлап түсті.
Сап түзеп Сыр бойында дараланған,
Бұл күнде қамал болған, қала болған –
Аз күнде ойран болды бекіністер –
Ақмешіт, Жөлек пенен Жаңақорған.
Құнысып қоқандықтар дірілдеді.
«Не шара! Не шара!» – деп күбірледі. –
Кергісек, келіспесек, кейін тартсақ,
Күнге де зар боламыз бүгіндегі.
Айтайық: «Сені хан деп санайық, – деп,
Тар кезде көмегіңе жарайық, – деп.
Бәріміз бір мұсылман баласымыз,
Мәңгілік одақ болып қалайық», – деп.
Осылай қоқандықтар сөз байласты.
Пәледен басын солай байлай қашты.
Кенеге асыл қару, пұл көтеріп,
Үш елші атын енді борбайлатты...
Үш елші көп ұзамай қайтып келді,
Жолдары болмағанын айтып келді.
Кене хан келіспепті бұл бопсаға,
Сонымен, бұл ойлары мансұқ болды.
Айтыпты Кене сөзін тым нығыздап:
«Кім екен қойған елдің бірлігін ап?!
Мәделі қалай ғана ұялмастан,
Иіліп «дос» мойынын бізге бұрмақ?
Кім жаулап алып еді мынау маңды?!
Қазақтың басы сордан шыр айналды.
Көрсетіп қорлық-зорлық момын елге,
Қалайша бола қалды тым иманды?!
Жеріме қалың әскер келтірген кім?!
Мазасын кімдер алған еркін елдің?!
Саржан мен Есенкелді, Әлжан сұлтан,
Қасымды қас жауындай өлтірген кім?!
Өзімді тұтқын етіп, байлаған кім?!
Малымды матап алып, айдаған кім?
Хиуамен қабаттасып, қатар сорып,
Қазақтың жерін еркін жайлаған кім?!
Біледі, бесіктегі бала мұны,
Қоқанға қор боп қалды қазақ ұлы .
Қанша жыл қаптың түбін қақты емес пе,
Салығы – зекеті мен хараджы!
Қазаққа Қоқан ханы не істемеді?!
Боп қапты білмегендей ештеңені!
Отырған Тәшкендегі құшбегісін
Шіркін-ай, жерге тығып кетсем еді!
Ол жауыз көрмей тұр-ау түрімізді,
Түн қылсам деумен жүр ғой күнімізді.
Биттей боп борбайдағы семіріпті,
Қақсатып Сыр бойы мен Ұлы жүзді...
Әкесі Мәделенің Омар еді,
Мойнында кеткен қазақ обалы еді.
Омарға Тентек төре қарсы шапты,
Сәл болса басын кесіп алар еді!
 Сол жолы Тентек төре «әттең» деді,
Артында аздау болды әскерлері.
Сайрам мен Шымкентте қамалып қап,
Жеңіліп, сол кез еді жалт бергені...
Мәделі бізді қалай «дос» дегізер,
Дұшпанмен достаспайды көшпелілер.
Айта бар осы сөзді, Мәделіге,
Арттарын қысар болсын құшбегілер.
Бастысы – берсін қайтып біздің жерді,
Сыр бойы ата жұрттың кіндігі еді.
Қазақтың қанша жерін отарлап ап,
Несіне «дос болсам» деп ділгіреді.
Ел үшін терім ақты, қаным ақты,
Мәделі Кенені әлі танымапты!
Қайтарсын өз еліне бодан болған
Мұндағы сан мыңдаған шаңырақты!»
Елшілер Кене сөзін нақтап айтты
Мәлімдеп, мәнерімен жақсы-ақ айтты.
Біреулер қанын тартты сұп-сұр болып,
Біреулер тас көздерін ақшырайтты.
Барады бір ой ханның жанын жалап –
Мынау өрт одан сайын қабындамақ.
Жер жайын қыла тұрсын түлкі бұлаң,
Еліне көшсе көшсін көшер қазақ.
Кеңесіп, дәл осындай шешім алды,
Алмасқа мұндай шешім несі қалды?!..
Шаттанып, хан Кененің пәрменімен
Қалың жұрт Торғай жаққа көшіп алды.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы