Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  112


Автор: Әбубәкір Қайран

Торғайда. Түс

Сан батыр сандал көгін алшаңдатқан,
Торғайдың даласы кең жалпақ жатқан.
Бойынан Қаракеңгір Кенесары
Осынау өр қонысты аңсап қайтқан.
Аңсайтын жөні де бар осы араны –
Алтын төр аймақ қой бұл босағалы.
Торғайдың ұлан-байтақ өңірінде
Қол жиып, басын елдің қоса алады.
Шүкірлік үміті көп Арқадағы,
Жауына жорық жолын тартады әлі.
Артынан тұтасымен көшіп келді
Өз жұрты – Ақмола мен Қарқаралы.
Еркіндеп, еру болып, бие байлап,
Аққұм мен Қарақұмды жатыр жайлап.
Торғай мен Жыланшықтан қатар ішіп,
Ерлері ат жаратып, қару сайлап.
Бас тігіп, батыр туған ерге ілесіп,
Аймағы Сарыарқаның келді көшіп.
Жиналды Орта жүздің батырлары
Туларын найзаға іліп, желбіретіп.
Сан жарау жүйріктер сабылды енді,
Қағады қас батырлар дабылды енді.
Кенені хан деп білген өздеріне
Шөмекей, Төртқара мен Табын келді.
Жем, Елек, Ырғыз бойы аумағынан,
Мұғалжар, Жыландыдай тауларынан
 Келді олар Кіші жүздің туын ұстап,
Күн сөніп қалардай боп шаңдарынан.
Хан Кене енді неге тоқталады –
Қара күз әне-міне боп қалады.
Жолбарыс жемге түсер сияқтанып,
Ол енді Қоқан жаққа оқталады.
Қоқанның өткен әбден ызасы бар,
Алуға соны Кене тым асығар.
Қазақтың қанша жерін тартып алып,
Сол үшін қанын төкті шын асылдар.
Әке мен ағалардың кегі қайда!?
Қазақтың жауда қалған елі қайда!?
Қайтарып бодан жұртты ала алмаса,
Сенген ел мұны езге жорымай ма?!
Қоқанның дәл астынан су шығып тұр,
Бұқармен екі арасы ушығып тұр.
Қазақтың батырлары, міне, бүгін
Қан аңсап, қылыш қайрап құлшынып тұр.
Хиуаның ханы Аллақұл аяқ тартар,
Қосылмай бұл соғысқа саяқ тартар.
Орыспен тізе қосып соғысуға
Ойы бар Кенеменен табақтасар.
Қауіп аз төніп тұрған Бұқардан да,
Ұқсайды аяғынан тұсалғанға.
Қолдаса Құдай, Аруақ осы жолы
Қорлығын көрсетеді Қоқан лаңға!
Қорлықтың танытады не екенін!
Қазақтың танытады ел екенін!
 Қаласын қалың өртке құшақтатып,
Көзіне көрсетеді көрешегін!
Ерлердің қардай борап жай – садағы,
Аспанын азап, тозақ айқарады!
Қазақтың ата жұртын түгел алып,
Жеті мың шаңырағын қайтарады.
* * *
Анасы кірмеуші еді түсіне бір.
Жан еді төгіп тұрар кісіге нұр.
Ойланып отыр, міне, Кенесары,
Өткендей көз алдынан бүкіл өмір.
Айкүміс – бұл Кененің анасы еді,
Бірге өткен сәби шағы тамаша еді.
Аруағын еске алуды ұмытыпты,
Түсіне кірді бүгін, қарашы енді.
Қолында анасының асасы бар,
Түрінде, тілінде де жапасы бар.
Алдында бұл жүгініп отыр екен,
Баладай бабасынан бата сұрар.
Жанына ақ періште жанасады,
Басына ақ кимешек жарасады.
Осы бір түсін ойлап түнде көрген,
Мең-зең боп күбірлейді Кенесары:
«А, Жаратқан!
Анам кірді ғой түсіме!
Тік сөйлемеуші еді кісіге
Кірпіктері оқша қадалып:
 «Қаңсып қалды ғой, – деді, – қара жұрт!»
Не деді тағы?..
Батырлық.... Байлық.... Даналық...
«Үшеуі де сенде жоқ» –
Деді ме?..
Әлде деген жоқ,
Естілген шығар солай боп.
Десе егер... мынау құлағым
Қалғаны жақсы-ау керең боп!
«Бес қаруың сайлы болмайды,
Қонған жерің жайлы болмайды!»
Осы да соның ымы ма?
Ай, ана! Ай-Ана!
Олай демегін ұлыңа!
Қаңсып қалса да қара жұрт,
Халқым қалса да қамалып,
Жасымды ыстық жүрегімде қайнатып,
Қасымды төбе-төрімде ойнатып,
Қашан қалып ем омалып?!
Өзің айт, ана!
«Батырлығың жоқ» дедің бе?
От ойнап тұрды ғой көзіңде.
«Батырмын!» деп қашан долдандым?
Кек қылышын ерте қолға алдым.
«Баймын!» деп қашан айтып ем?
Жарлы-жақыбайыммен тоңғанмын.
«Данамын!» деп қашан айтып ем?
Есім кіргенде-ақ білгенмін
Есім мен Қасым сап кеткен
Қасиетін сара жолдардың!
Жазғыра көрме, жан ана,
Кезеңін көрдім таулардың,
Тереңін көрдім орлардың!
 Тебіренбей жаным тұра алмас,
Тебіренбегендер, сірә, оңбас,
Қоздандым дағы қозғалдым!
Білмеймісің сен, анашым,
Ұлы Байтақтан бізді қуғанын?
Көсіліп жатқан бейбіт ел
Көкірегін жаспен жуғанын?
Жарқ еткен сонда жасындай
Әкем шығып еді Қасымдай.
Ұмытып әлде қалдың ба,
Ұлыңның мынау жасымай,
Әкенің жолын қуғанын?
Өйткені мен...
Өзімнің
Өрен бітімді елімнің
Қанды жасын жеңіммен,
Жеңіммен емес, кегіммен
Сүрту үшін туғанмын!
Айналайын атажұрт
Жау табанда қала ма,
Қалай төзем табаға?!
Өркені үшін осы елдің,
Ертеңі үшін осы елдің
Шыбын жаным садаға,
Қызыл қаным садаға!
«Бес қаруың сайлы емес!» –
Дедің-ау сен, ай, ана!
Өксігімді өйтіп сен
Алқымыма таяма.
Оңды-солды жақ тартқан,
Алдыға атқан, артқа атқан
Наркескені
Найқалған
 Талай жауды қақсатқан!
Адырнадан кеткен оқ,
Жауға қаһар төккен оқ
Қызыл жалын байланып,
Қызулы өртке айналып,
Жау қаласын жоқ еткен,
Көрген күнін көп еткен!
Адырнасын аңыратқан,
Жебелерін жамыратқан
Жүздіктерім жүректі
Емес пе еді, ай, ана!
Толғамалы ақ балта,
Болат басты көк найза,
Тіктеп тура тигенде,
Төзбес сауыт, шарайна!
Артында Алаш халқы бар
Жасыл туым шарқ ұрар!
Талақ етіп салтымды,
Сатып кетсем халқымды,
Мына мені ант ұрар!
Найза ұстаған ерлерім
Намысы жер боп қалса егер,
Кең дүние маған тар шығар!
Білдің бе соны, ай, ана?!..
Намысымды таптаған
Қоқанға ертең аттанам.
«Ар бол! Бар бол!» деуші едің,
Қамымды көп жеуші едің,
Сол батаңды кеудемнің
Түкпіріне сақтағам.
Қолда мені, Ай-Ана!...».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу