Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  166


Автор: Әбубәкір Қайран

Кеңес. Жарғы жобасы

Хан Кене үш күн бойы жиын құрды,
Жан тартар жақындарын сүйіндірді.
Тырнағын ішке бүгіп жүргендерді
Беттетпес беделімен күйіндірді.
Бәрінен мәжілістің мәні бөлек –
Жол-жоба, жоралғы мен мәміле көп.
Ойларын ортаға сап отырғансып,
Әр ненің алады хан дәнін елеп.
Ол сөзін тереңдерден толғайды көп,
Қай ру қалай бізді қолдайды деп.
 Хандықты құру үшін әскер саны
Кем түссе жиырма мыңнан болмайды деп.
Бұл істің шырмауы бар, шырғасы бар,
Уақыттың судай сусып тұрмасы бар.
Таласпай, тартыспай-ақ ойланысып,
Тезірек сайлау керек мыңбасылар.
Қашанда бос тұрмасын орда маңы.
Орданың жауға сұсы сол болады:
Жасауыл бес мың сыпай дайын тұрсын,
Бойында бес қаруы – жау жарағы.
Әскер бар – әділдік пен шындық барда –
Темірдей тәртіп болсын мыңдықтарда.
Сатқындық, кісі өлтіру деген сынды
Аяусыз тыйым болсын сұмдықтарға.
Хандықта билер соты үстем тұрсын,
Билігін іспен қылсын, күшпен қылсын.
Қашанда елді қолда ұстау үшін
Зұлым мен жылымдарды сескендірсін.
Енді би – би болмайды бас-басына.
Жанбасып кетер олар жақтасына.
Билерді ханның өзі тағайындар,
Қарамай байлығына, басқасына.
Тоқтатып «бұ» дегенді «о» дегенді,
Ұстау шарт ауыздықтап төрелерді.
Әкімдік жүргізуге әрқашанда
Таңдау шарт тапқыр менен көрегенді.
Би менен батырларға таңдамалы
Белгілі қашаннан да ел қарары.
 Нақ солар назар салса барлық іске,
Дау біткен тез шешіліп, оңдалады.
Барымта, кісі өлімі тоқтатылсын,
Сот ісі әділетті жақта тұрсын.
Тәуке хан жазып кеткен «Жеті жарғы»
Еленіп, әрқашанда баста тұрсын.
Болмайды Құран менен нан ұстамай,
Адал жол кәпірменен қабыспағай.
Заңдарын Мұхаммедтің тұту керек,
Шариғат жолдарынан алыстамай.
Рулар арасында жанжалдар көп,
Жазықсыз жапа шегіп қалғандар көп.
Хан Кене кесіп айтты: «Бұл жараға
Ем болар есті жолды таңдаңдар!» – деп...
Кененің ойы мықты, сөзі күшті,
Барлығын өзі кесіп, өзі пішті.
Би, батыр, сұлтандардың миларында
Мың сан ой сеңдей болып соғылысты.
Құрылды «Хан Кеңесі» осы арада.
Сөйтпесе, хан ертеңді тоса ала ма?!
«Кеңесі Ақсақалдар» бір-ақ сәтте,
Шынында шығып қалды босағаға.
«Биліктен – бір би отыр – түстім ғой!» деп...
«Дүниеден – бір төре отыр – күстім ғой!» деп...
Білдірмей бір бай отыр ішкі мұңын:
«Бекерге осы жолға түстім ғой!» деп...
Осылай тастап кетті талайын бақ,
Басқандай басын бұлт, самайын ақ.
 Хан Кене кедей демей, қара демей,
Қойыпты кеңесшілер тағайындап.
Билікті жергілікті бақылауға,
Әскерді аш қалдырмай асырауға,
Насихат, үгіт ісін жүргізуге
Шығатын болды ерекше жасауылдар.
Байлардан болды «зекет» алынатын,
Диқаннан болды «ұшыр» алынатын.
Аталды хатшы менен тілмаш тағы,
Қашан да хан қасынан табылатын...
Хан Кене бұл жиынды үш күн құрды,
Қабағы қарс мұздай қыстың күнгі.
Жұбантып біреулердің жылау жанын,
Жүрегін біреулердің тіксіндірді.
«Нелер тұр біз білмейміз тосып алда.
Жолға – жақ, көңілге тақ болсын Алла!
Қазақтың қайта туар ақ күні үшін
Шейітпіз опат болсақ осы жолда!» –
Деп Кене тұрып кетті орынынан.
Дін аман бет әлпеті торығудан.
Ендігі жорық жолы ерен болмақ
Жасаған бұған дейін жорығынан.
Кененің енді салар соғысына
Бір тояр Қоқаны да, орысы да.
Әзірше аттың басын бұра тұрар
Торғайдың бойындағы қонысына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу