Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  122


Автор: Әбубәкір Қайран

Толғаныс. Елес. Мінәжат

Қамырықтым, қабаржыдым, қамықтым –
Неткен тайғақ жолы біздің халықтың!
Дей алам ба – алыбы еді алыптың?
Дей алам ба – ғарібі еді ғаріптің?
О, алайда, өз жөні бар тарихтың!
Өз жолы бар ұлып өтер бөрінің,
Өз жолы бар үріп өтер әр иттің.
Өз үні бар бақаның да... балықтың,
Өз үні бар көр-лақаттың, табыттың!
Жөні бөлек, бірақ тірі тарихтың!..
Кейде осылай мұң кезем де, ой кезем,
Елес кезем, өз-өзіммен сөйлесем.
Тынысым да, рухым да тәуелсіз –
Кім бар маған «қой!» дейтұғын, «қой» деген?!
Мен қиялдың мінген кезде пырағын,
Сөз болмайды ор деген де, өр деген!
Көлде жатып, мұңдасамын шөлменен,
Шөлде жатып, сырласамын көлменен...
Бірақ сол түн... тұра қалған көлденең
Сиқыр сәтті жеткізе алман сөзбенен!
Мен мұндайды бастан кешіп көрмегем!
Петерборда... Кунскамера ішінде
Бастар көрдім түрлі-түрлі пішінде.
«Хан Кененің басы мұнда жоқ па?» деп,
Қарай беріп... тұншығамын түтінге.
Көріп тұрмын – бір маңдайды оқ тескен,
 Ал бір бастың қағып апты тісін де!
Бұл не елес? Өңім бе, әлде түсім бе?..
Бір дауыс кеп құлағыма сарнады:
«Хан Кененің арманы жоқ, арманы!
Ол – кешегі өз елінің заңғары,
Ол – бүгінгі өз елінің ардағы!
Оның басы азат болған бұл жерден,
Рух болып қалай елге бармады?
Мүмкін емес! Қара! Ізде бар дағы!..»
Елес кезіп тағы жүрем, тағы мен...
Іздерменен... шұбатылған қанымен,
Іздеп келем... іздеп келем әлі мен.
Міне! Міне! О, құдірет, Хан Кене
Көрініп тұр басыменен... барымен!
Елестеді...
Елес шынға айналып
Бара жатыр.... қалды тілім байланып.
Алаша хан мазарының басында
Сиынып тұр баһадүрлер сайланып.
Кене ғана жеке-дара Бабаға
Мінажат қып отыр екен ойланып.
Басы төмен, қос тізеде қос қолы
Былай дейді ол іштей ғана толғанып:
«О, Алаша хан!
Құтты екен сенің құдай сыйлаған несібең –
Бір сәтке шығып көрмепсің
Халқыңның мынау есінен.
Анадан ала болып туыпсың,
Кіндік қаныңды Сырдың суына жуыпсың.
Әкең сенің хан екен – Қызыларыстан,
Ала боп туған ұлы үшін
Жарыла жаздап намыстан,
Басыңа ажал жастапты,
 Дария суына тастапты.
Сені сол кезде-ақ Тәңір қолдаған,
Ажалың судан да, оттан да болмаған.
Батырлықпен атың шығыпты,
Досың қуанып, қасың бұғыпты.
Майқы би – маңдай алды би екен,
Сонда саған жасаған сыйы екен –
Қол астыңа ең таңдаулы ірікті
Берген екен үш жүз батыр жігітті.
«Үш жүзіңмен» ұлан елді меңгеріпсің,
Қараны ханға теңгеріпсің.
Ел дәулеті Есілдей толыпты,
Тайың таңбасыз, қойың енсіз болыпты.
Басынғандардың басын алып,
Бәлсінгендердің бәсін алып,
Бастапсың сан-сан жорықты.
Ұлытау мен Кішітауды жайлау етіпсің,
Қарақұм, Борсық құмдарын қыстау етіпсің.
Қаракеңгір бойында хан атанып,
Өле-өлгенше әділет жолын ұстап өтіпсің.
Елің ел болды.
«Алты сан Алаш» атанды.
Алты сан Алаш «қазақ» боп,
Жаугер жұрт болды қаһарлы.
Сол «Алаш» пен «Қазақ» атауы
Айырылмас тұрпат алған-дүр.
«Алаш Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда» деген аңыз жатталып,
Санамызда қалған-дүр.
Күмістелген есігін күн шығысқа қаратып,
Құлыпталған есігін құбылаға қаратып,
«Алаша хан сарайын» алтындатып салдырдың,
Атағыңды Алты Аумаққа таратып.
Сол сарайыңның сарқыты,
 Қазақ елінің ар-құты,
Көтеріп тұрған жер төсі,
Өткен тарихтың өркеші –
«Алаша ханның ордасы»
Алапаттарға миземей,
Сыр түйіп ішке, үндемей,
Жанғабыл деген өзеннің
Жағасында әлі тұр.
Тарихтың көріп дүрмегін,
Бойына түспей бір де мін,
Тәңір қолынан түскендей,
Мәңгілік үшін біткендей,
Қаракеңгір бойында
Күмбезің, міне, тағы тұр.
О, Алаша хан!
Алғашқы Қазақ өзіңсің,
Ел болды сенің елің шын.
Басыңа бүгін кеп тұрмын –
Қасырет-мұңым төгілсін,
Аруағың маған көрінсін!
Отыз омыртқам бүгілсін,
Қырық қабырғам сөгілсін!
Егіліп келсем – ергенек,
Төгіліп келсем – төрімсің.
Айтып-айтпай не керек,
Үзіліп тұр белім шын!
Үш жүзіңнің Үлкен Ордасы
Үлеске түскен олжадай болды.
Хандығың құлады,
Халқың жылады.
Құлағаныңды тұрғызсам деп ем,
Жылағаныңды күлгізсем деп ем.
Қазақ та Тәңір баласы емес пе,
 Ел қатарлы жүргізсем деп ем.
Тілегіме ортақтар тік көтеріп хан етті,
Қайраңдаған қайран ел менен ғана дәметті.
Басым жерге жеткенше,
Бақытсыз осы жұрт үшін
Сылып берермін сан етті,
Түршіктіріп қасымды,
Тігіп өтермін басымды!
Әумин!»
* * *
Ең соңғы хан, ең шерлі хан, міне, осы!
Басын иген бүкіл Алаш дүниесі
Ақ киізге көтеріліп, Кененің
Хан атанған, қайта туған күні – осы!
Аян жұртқа – бес жыл болды, мінеки,
Келеді әлі қас жауымен күресіп.
Отқа орады Ақмоланы, Орды да,
Қаны қатып, қасарысып, сіресіп.
Көріп тұрмын Хан Кенені... Рухты,
Кетем енді сол рухқа ілесіп....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу