Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  89


Автор: Әбубәкір Қайран

Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың...

Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың,
Құрайы боп сыңсыдың түз-даланың.
Ботасы боп боздадың аруананың,
Мұндасы боп, өксідің қыз баланың,
Ей, жүрегім, сен қанша сыздамадың.
Сыздаймысың, сен әлі сыздаймысың,
Жиып алып адамның мұң-қайғысын.
Сен одан да бір таудың тасы болып,
Найзағаймен шайнасып, тұрмаймысың.
Тау бұлағын тақырға бұрмаймысың?
Ей, жүрегім, езілме, езілме сен,
Мұңлы күйді мен қанша безілдетем?
Ойсыз болып көрейін бір азырақ,
Тамұқ сынды кеудеден жерінбесең,
Тас бауырға өзіңді желімдесең.
Келістік пе, жүрегім?– Жоқ!– дейсің бе,
Сыздауменен өмірден өтпейсің бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу