Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  128


Автор: Әбубәкір Қайран

Ат пен ару

Атқа мініп,
Аңыратып,
Ауыл кезген қандай бір.
Самды өзің жамыратып,
Жұлдыз болып самғай біл.
Арқыраса
Жарау бура санды айғыр,
Жарқыраса
Терезеден
Күндей күліп маңдай бір –
Паһ, паһ, шіркін,
Тумас екен қандай жыр!
Сұлу маңдай
Сұқтандырып
Тарта берсе көңілді.
Бой қыздырып,
Іш жандырып,
Аштырса екен өңірді.
Көптен кейін
Көйлек киіп көгілдір,
Әлгі сұлу үйден шықса,
Паһ, паһ, шіркін, өмір – бұл!
Ат оттатып,
Аулақтарға
Көгал қуып қайтса бір.
Сонан кейін бау-бақтарда
Қол ұстасып айтса жыр.
Жас сұлуды сүйгің келіп,
Именіп –
Тұрсаң қандай
Минутта мың күйге еніп.
Аппақ таңда
Аттандырып,
Ат үстіне мінгізіп,
Ару қайтса шаттандырып,
Көзінен сыр білгізіп.
Асау айғыр арқыраса астыңда,
Шалқып аса
Қойып кетсең
Таңғы сағым тасқынға,
Бұдан басқа керегі не бақтың да...
Сол бір күндер еске түссе,
Батып кетем ақ мұңға.
Ат пен ару,
Сендерсіңдер –
Жарым дағы жақсым да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу