Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  105


Автор: Сəбит Бексейіт

Нені іздейді көңілім, нені аңсайды?

Шіркін көңіл тоғайып тыншымады,
Беймәлім бір алысқа құлшынады.
Ауа қармап құс-жүрек кеудемдегі,
Қапастағы тұтқындай тұншығады.
Нені іздейді көңілім, нені аңсайды,
Дайын тұр ма сапарға кемем сайлы?!
Ақсеркедей теңізде сайран салсам,
Арылар ма менен мұң, менен қайғы?..
Әділетсіз жауызбен көп егестім,
Жапа шеккен жандарға көмектестім.
Күреспенен жеттім мен қолда барға,
Қанағатты білмейтін мен емеспін.
Шығатындай кең жайлау, соны өріске,
Неге сонша іңкәрмін өзгеріске?!
Шалық па, әлде білмекке құмарлық па,
Мойынсұнбас белгілі күнкөріске?!..
Өтіп жатыр ит тірлік көз алдымда,
Қиын екен түссе егер көкжал сынға.
Жүрек жасып егілем, жүйке тозып,
Соншалықты осы мен осалмын ба?!
Әрі осалмын, әрине, әрі мәртпін,
Ақылға емес, жүрекке сенім арттым.
Кутузовтың қулығы болғанменен,
Қырсықтығы көп менде Бонапарттың.
Осалдығым – көңілдің босаңдығы,
Басатыны еңсені қозғар мұңы.
Мәрттігім сол – көнбеймін ережеге,
Азат сана, азат ой бостандығы!
Өмір сүрдім қыранша көкте самғап,
Қарайды жұрт соңыма көптен таң ғап.
Қиылғанша қанатым самғай берем,
«Өкпең өшсін?» деп мені сөкпе қарғап.
Қанат қағып қияға ұштым қанша,
Заңғар биік шақырар күн нұрланса.
Жер бауырлап жорғалай алмаймын мен,
Жем аңдыған бұғынып сұр жыланша.
Нені аңсайды көңілім, нені іздейді,
Бар аңсарым – толқынды теңіз дейді.
Асау толқын, дауыл жел арасынан,
Ешкімді емес, мен білсем – Сені іздейді!
Құс-жүрегім тыншымай, бұлқынады,
Тор-кеудеден шығам деп жұлқынады.
Көксегені – еркіндік, зеңгір көк боп,
Алас ұрып ілгері ұмтылады.
Көз жасына, мінеки, тұнған өмір,
Әлденеге беймәлім құмар көңіл.
Астаң-кестең дүние төңкеріліп,
Жасын-гүрзі сілтеніп, бұлттар жөңкір.
Көрінбейді күн көзі, алдым – бұлдыр,
Не нәрсеге бастайды тағдыр құрғыр.
Бозаңытқан көк мұнар арасында,
Сонша таныс, етене құрбың тұр бір!
Астаң-кестең дүние, маңың у-шу,
Толқын құшу қу тірлік, жалын құшу.
Көзайым боп көрген соң сол бейнені,
Табар ма екен егілген жаның тыншу...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу