Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  90


Автор: Сəбит Бексейіт

Жан-жүрегім - ел мен жерім

Жүйрік көңіл ұсынып салкүреңін,
Тамашалап қараймын қалпы, реңін.
Нәуірзегім жеткенде біздің жаққа,
Жер-жиһанды жырлайды жан-жүрегім.
Жан-жүрегім –
Мәрт бабам, қамшыгерім,
Салкүреңнің сен бүгін ал шідерін.
Іздеп шыққан жоғыңды бұл немерең,
Ақ қағазға шер-мұңның салсын зерін.
Бекзат едің, өр едің, аршыл едің,
Текті өнерге жұмсалды бар жігерің.
Тоғыз перне, қос шекті танып біліп,
Күмбірлетіп күйіңді тартып едің.
Жылқы деген жануар – бар қызығың,
Қолды болды, қап әттең, Нарқызылың?!
Дертің меңдеп үзіліп кете бардың,
Қалды күбі түбінде сар қымызың...
Қылқұйрықты ағайын олжалады,
Жетім қалған ұл-қызды қолдамады.
Шаңырақтың ырысы шайқалған соң,
Үрім-бұтақ келеді сорлап әлі...
Сұржекейдің тұяғын көрдім бір күн,
Маған атап сейілткен көңіл бұлтын.
Бірақ қазақ сөзінде тұрған емес,
Атқораға салыпты темір құлпын...
Жан-жүрегім –
Жан әкем,
Жан анам деп,
Өтемек боп борышты жан салам кеп.
Жанбауырдың күйігі күйге айналып,
Бозғаламда боздап мен аңсағам көп.
Жан-жүрегім –
Тарқамас мұң мен шерім,
Зыр айналған ұршықтай жұмыр Жерім.
Құбылысқа айналып салған әні,
Бұлбұл құсқа бұйырсын ғұмыр керім!
Жаһаным деп жырлайды жан-жүрегім,
Жатырқамай дауылын, жаңбыр, желін.
Жараланса алаңдап ертелі-кеш,
Мазалама, бірауық алдыр демін...
Мол шуағын төгіп күн елжіреді,
Желпінеді қарт далам шежірелі.
Ақтығына сөзім мен пейілімнің,
Жан-жүрегім егіліп сендіреді.
Жан-жүрегім –
Туған ел, туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Байтақ ұлыс ұлым деп сенсе болды,
Нартәуекел мен болам буған белін.
Жасындардың кешегі жарқылы едім,
Көк тұйғындай тастүйін алғыр едім.
Көсегесі көгерсін Адамзаттың! –
Ертелі-кеш айтатын бар тілегім.
Көлгірлерді шындыққа көндіремін,
Жалаңдаған өрт тілін сөндіремін.
Тіршіліктің туын мен желбіретем,
Жағаласқан майданда Өмір – Өлім!
Көрдім тағдыр еңісін, тағдыр өрін,
Кештім бастан сан сүргін, сан сүреңін.
Жарық жалған көшінен қалмай жортқан,
Жан-жүрегім – болдырмас Салкүреңім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу