Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  95


Автор: Серік Әбіл

ЖЕҢІСҚАНҒА СЫР

Жас жағынан ағасың,
Достарымнан дарасың.
Ерте оянған санасың,
Ерке туған баласың.
Елің берер бағаңды,
Ертелі- кеш аласың.
Момындардың қайтесің,
Қасып қотыр
-жарасын.
Ойнатам деп оятып,
Алма ағайын санасын.
Əлі талай көрерміз,
Бұл тірліктің таласын.
Атаң тайған сан жолдан,
Сен де бір күн танасың.
Қай кеудеге өзіңнің,
Шырағыңды жағасың?
Көреген көп аңдиды.
Іш пен сырттың аласын,
Өз ойыңды кей шақта,
Өзгелерге таңасың.
Жаратар жас аз бүгін,
Шаң көргеннің шарасын.
Жүзігім деп жүрмей ме,
Кейде қасаң тағасын.
Шақтарында шалқыған,
Кім ойлаған шамасын.
Өз əлінше сүйретер,
Əр кімдер де шанасын.
Жақсы жігіт жауға да,
Артпай өткен жаласын.
Көңілге сай көздің де,
Көрсетейік шарасын.
Жалау болып тұра алсаң,
Міндетің сол жанасың.
Тұлпар болып туа алсаң,
Шаң боратып шабасың.
Қыран болып шыға алсаң,
Қиянға қанат қағасың.
Татып жүрміз талайдың,
Тартқан алға бал асын.
Ағайын кейде біз десе,
Ұмытар өз баласын.
Мейіріне еліңнің,
Енді қайтып қанасың.
Кезіміз келді əр істің,
Айырар ақ- қарасын.
Не іздесең тірлікте
Осы жұрттан табасың.
Тағдырыңның танасын,
Əлі талай тағасың.
Барлық тауда болмайды,
Көк тіреген дара шың.
Бізге берген ақ бата,
Алтын Алтай анашым.
Өткелі көп өмірде,


Біреу үшін шаласың,
Біреу үшін данасың.
Біреу үшін түк емес,
Біреу үшін панасың.
Кейде өзіңді ұмытып,
Күнбағыс боп қаласың.
Дегізбейік мына елге,
Неге өзгеріп барасың.
Берекемен ішейік,
Бейбіт күнгі жар асын.
Бауырларға үлгі боп,
Жол бастайық жаңа шын,
Ертең айтып жүрмесін.
Алдыдағы ағасын.
Ізге түсіп ілінер,
Бізге көзін қадасын.
Əлдилейік əнменен,
Туған елдің даласын.
Тіктейікші тірлікке,
Жігіттің көз қарасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу