Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  349


Автор: Сəбит Бексейіт

Мен нені жырлаймын

Жырлар едім мен де гүлді,
«Ботаник» деп пенде күлді.
Таниды жұрт түз баласын,
Талай кезгем Шу даласын.
Қызғалдақты ғажайып бөктерде мен
Біраз жылды гүл кешіп өткерген ем.
Кешкенімде алапты қызғалдақты,
Маңайымда зіл жатты, ызбар жатты.
Құмға үйірсек кесіртке өсіп түлер,
Гүлге үйірсек қаулайды есірткілер.
Есірткіге атойлап дүрмек төніп,
Кетті гүлдер солармен бірге өртеніп.
Қып-қызыл от қаратпас бетті шарпып,
Менен гүлді сол қырғын кетті қарпып...
Жырлар едім мен де қызды,
Көңілімді лезде бұзды.
Түсінбеді мәз күлкімді,
Әп-әдемі әзілімді.
«Көзбен көр де, ішпен біл» дегенімде,
Алма жүзді аңсарым «Што?!» деді.
Ширатылып шерім де, шеменім де,
Жылдар жиған күйікке іш толы енді.
Содан бері қыздардың әуелі мен
Біліп алам қай тілде сөйлейтінін,
Көп жайларды аңғарам әуенінен,
Жақындығын тап басам, өгейлігін.
Ұнай қоймас тілбезер, сөзшең қыз да,
Аузы-аузына жұқпайтын өңшең қызба.
Үндемес қыз «иә», «жоқ»-пен діңкелетер,
Тауып көрші Ләйліңді еркелетер...
Мөңке бидің айтқаны дәл келгендей,
Дәлел іздеп қайтемін әлденендей.
Қыздар бүгін қалталы шалдарға әуес,
Қатарынан бас тартып болса кедей.
Айып емес көксеген жақсы тұрмыс,
Таза, адал еңбекпен ұмтыл, тырмыс.
Аймаласып қақбаспен атасындай,
Жас ғұмырын тұл ету – сұмдық қылмыс!
Табиғатты жырлар едім,
Егіледі туған елім.
Туған жерім тұралады,
«Протон» кеп құлағалы.
Жырлар ем Едірей мен Бедірейді,
Төңіректе тым-тырыс ел үрейлі.
Мұнда қалған үркердей аз ғана жұрт,
Сақалындай абыздың селдірейді.
Абыралы, Қайнардан бермен қарай,
Салқар көші даламның өрген талай.
Қайта түлеп Қоянды жәрмеңкесі,
Болар еді бар аймақ көркем қандай!
Атың өшкір Полигон болмағанда,
Өңі кетіп қыр гүлі солмағанда...
Атажұртқа орнатып зұлматхана,
Қазақ өстіп сорлады, сорлағанда!
Жырлар едім өмірді мен,
Шамырқанып көңілді, кең.
Өрнек салып өлеңменен,
Күткем күнді көркем, кенен.
Өліп кетті жанбауыр беймезгілде,
Егіл, жаным,
Зарла, жақ,
Тіл, безілде!
Бір бәле бар, суицид – оның аты...
Келген қыста, келген жаз, келген күзде...
Бәрінен де бас тартып, жеріп, безіп,
Түгесіліп, таусылып ерік-төзім,
Енді мені іздеме тыныштықтан,
Ізде мені егестен, бөріктесім!
Ізде мені жанжалдан, дау-дамайдан,
Ізде мені маңайдан айғайлаған.
Мені тура табасың іздеп барсаң,
Мен сондамын
– болса егер
– қайда майдан!
Тақырыбым болды менің саясат,
Болса дағы сенімсіз зат, аяр зат.
«Саясат туралы жазбау – қорқақтық» деп
Евгений Евтушенко айтқандайын,
Жүн-жалғаннан аршып шындық түбітін,
Бөгеп бөспе, суайт сұмдар үгітін,
Ақтаймын деп ел-жұртымның үмітін,
Қорқақтамай жазып жүрмін күні-түн.
Болған істі боямасыз баяндай,
Көрген түсті жорып беріп аяндай,
Аярларды шағып алып шаяндай,
Болашақтың жансызы боп аянбай,
Қорқақтамай жазып келем күнбе-күн.
Кешіп бастан замананың дүрмегін,
Ақыл, қайрат болды менің тірегім.
Жетесізді келіп тұрар жүндегім,
Бұзылғанды келіп тұрар жөндегім.
Ақиқатпен арайланар түр-өңім,
Жалғандыққа шыдамайды жүрегім!
Ертеңге айтар бар менің де тілегім,
Қолжазбамның өртенбесін білемін.
Болашақтың жансызы боп аянбай,
Қорқақтамай жазып келем күнбе-күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу