Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  108


Автор: Сəбит Бексейіт

Қара бұлттар

1
Албыраған алау жүзге өң кіріп,
Тысқа шықты
Қолаң шашы төгіліп.
Баққа барды
Ақ көйлегі көлбеңдеп,
Қара бұлттар келе жатты жөңкіліп.
Аң-таң қалып Батыс жаққа қарайды,
Қайда кеткен атқан таңы арайлы?..
Қара бұлттар торлап алған аспанды,
Көлеңке тұр көлегейлеп маңайды.
Тоғай тұнжыр, кеткен дала түнеріп,
Кеткендейін шуақ кеміп, нұр кеміп.
Ағарады көкжиек пен соқпақ жол,
Ағарады ақ көйлегі бүрмелі.
«Құдай-ау, кеше ғана еді ғой,
Ақ некесін қиған соң,
Басталғаны махаббаттың бал айы...
Татпай жатып таусыла ма талайы?!» –
Қатты абдырап басын ұстай беріп ед,
Солқ еткендей болды оң жақ самайы.
Жарқ етті де тұманданды көз алды,
Жасын көрді, көрді түтін, тозаңды.
Көрді сосын сорғалаған қызыл қан,
Қанға бөккен жүзі таныс оғланды...
Сәмбі талдай солқылдаған балғын тән,
Шыға келсе қайтер едің алдыңнан?
Ерке сылқым қарағанда наздана,
Кетер еді төгіліп күй, шалқып ән.
Көздің жауын алатын сол жас дене,
Жаралған ғой жүру үшін сәндене.
Ақ білегі, қыпша белі сезді ме,
Құрсауларын, бұғауларын әлдене?..
Ғашық жүрек, іңкәр көңіл, ынтық үн,
Сезді ме екен келер күннің шындығын?
Мамық төсі, жонарқасы сезді ме,
Көздеп тұрған ата жаудың мылтығын?!
2
1941 –
Қырық бір.
Көк пенен Жер қара түске тұнып тұр,
Төңірегің тұтасқан бір бұлыңғыр.
Қара бұлттар торлап алған аспанды,
Жұлым-жұлым жүн-жұрқа боп жұлынғыр.
Қайдан келген пәлелер бұл түксиіп,
Жан түршігіп қарайсың кеп үрпиіп.
Ашық аспан қалғандайын адыра,
Бұдан былай тұра алмастай нұр құйып.
Жүрек құрғыр бір сұмдықты сезеді,
Ой-қиялы шартарапты кезеді.
Сыңарынан айырылып қалардай,
Удай ашып өртенеді өзегі.
Жақсылықтың емес, сірә, нышаны –
Тоғай үнсіз, кілт үзілді құс әні,
Шаттық жырын жаңа ғана бастап ед,
Әкелетін сыңайы бар құсаны.
Тауды мыжып, таптап жаншып даланы,
Тап-тап беріп, тас-талқан ғып қаланы,
Аңыратып кетердейін ананы,
Шырылдатып кетердейін баланы.
Бір алапат қиғылықты салатын,
Қиятындай асыл арман қанатын.
Ақ отауды, жас аруды талақ қып,
Орнатардай тас қараңғы қара түн.
Қара бұлттар төніп келген тажалдай,
Алқын-жұлқын айтып келген ажалдай.
Төңірегің оңып кетер ажардай,
Тіршілігің тарқап кетер базардай.
Табиғат тұр тауқыметтен аса алмай,
Махаббат тұр мауқын еркін баса алмай.
Өмірзая болған солай сан қыршын,
Он екіде бір гүлін де аша алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу