Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  133


Автор: Сəбит Бексейіт

Куман жыры

Бар ма күмәнің, жоқ па күмәнің?..
Қу жаны қалған, менмін – куманың.
Сайран күн өткен сайын далада,
Сонау алыста қалған думаным...
Қу-Ну – Қу елі атанған елім,
Абыз бабадан бата алған ерім.
Сұңқылдап аққу, қаңқылдап қаздар,
Бойжеткен қыздай жасанған жерім.
Ай-Ну – Ай елі Қиыр Шығыста,
Ағайын бүгін жат деп құрыспа.
Айдында жүзген аққулар – біздер,
Аспанда жүзген күміс Ай – туыс па?..
Сулы да нулы жерді мекендеп,
Улы да шулы елді бекемдеп,
Тірлікті оңдап, көшті түзедік,
Сүмбіле туса, ерек елеңдеп...
Өзендер ақса тулап, тұлдана,
Енесай дедік, дедік Ұлы Ана.
Ат қойдық тауға Қулы, Мұңлы деп,
Бақсы боп қобыз тарттық мұңдана.
Ақ ниет, таза пейіл – иманымыз,
Өсиетіміз – Кодекс куманикус.
Ізгіліктану бастауы бізде,
Куманның ісі мен сөзі – гуманизм!
Бар ма күмәнің, жоқ па күмәнің?..
Басында туған тұнық тұманың,
Аппақ қудай боп отыр алдыңда,
Зейін сап қара,
Менмін – Куманың!
Жадымда мәңгі жарқын шақ әлі,
Жасын боп көкте жарқылдағаным.
Ән айтсам – аққудай гәккулеткенім,
Сөйлесем – қаздай қаңқылдағаным.
Көкмөлдір суға толы құманым,
Көктәңір қолдап, қунап тұрамын.
Күбірлеп дұға төбе басында,
Сейілтем серпіп таудың тұманын...
Ақ қуым – шаттық, қара қу – мұңым,
Бақ дәмін таттық аттылы ғұнның.
Мойнымды бұрып Отыкен жаққа,
Куман боп туған сәтті ұғындым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу