Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  83


Автор: Сəбит Бексейіт

Жанбауыр жарық дүние

Жаныма жақын санаймын,
Жанбауыр жарық дүние.
Бір туған жанға балаймын,
Қараймын сосын сүйіне.
Танытсаң маған салқын жүз,
Жатбауыр болып кетер ең.
Болар ем мен де жалынсыз,
Жылымай жүрек өтер ем.
Түнермей аспан, жақсылық
Әкелер дәйім деп сенем.
Жасымай жүзім, шат күліп,
Кез келген істі еңсерем.
Адамға адам бауыр деп,
Ертеден айтып келеміз.
Ауылдан есер тәуір леп,
Бауырмал жұрт деп сенеміз.
Ағасы барда бар жаға,
Інісі барда тыныс бар.
Ентікпе, достым, шаршама,
Табады ретін жұмыстар.
Телефон шалып бір інің,
Жеткізді хабар жағымды.
Тірлігін жасап тірінің,
Демеуші маған табылды.
Замандас бермек қол ұшын,
Жайсаң жан нұрлы жүрегі.
Шарасыз шақта болысып,
Құт қадам маған тіледі.
Сертінен қалай ер тайсын,
Ақ алғыс айтпай, не дейсің?!
Досың көп болса сен байсың,
Досың жоқ болса кедейсің.
Жанбауыр деген сол болар,
Сол болар құрдас дегенің.
Қолымды қысты, жол болар,
Асармын өмір белеңін.
Әр таңым сонша арайлы,
«Күн көкем!» деймін қуанып.
Шуағын төгіп қарайды,
Бойыма шым-шым нұр дарып.
Әр күнім неткен жайдары,
Жастықтың жарқын тұр үні.
Желкілдеп жігіт айдары,
Төгіліп қыздың бұрымы.
Әр кешім жарық соншама,
«Ай әже!» деймін дауыстап.
Ай маңдай ару топ жара,
Келеді шоқ-шоқ гүл ұстап.
Әр түнім сонша ажарлы,
Жұлдыздар қарар жымыңдап.
Ғаламда тірлік базарлы,
Ғарышкемелер жүр мыңдап.
Ынтызар, іңкәр ұл-қыздар,
Қарасса ұзақ сүйіне.
Жарқырай түсер жұлдыздар –
Жанбауыр жарық дүние!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу