Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  176


Автор: Сəбит Бексейіт

Опасыз жалған

Жарық жалған деп қалай дәл атаған,
Іс мәнісін білген ғой ата-бабам.
Аңғарған соң дүние шектілігін,
Баяндылық тілеген бата қалған.
Әнге қосқан «дүние жалған-ай» деп,
Қызға ат қойған Күнсұлу, Толғанай деп.
Ұлға ат қойған Бақи деп, Мыңжасар деп,
Жолболды деп, Жолкен деп жол қарай кеп.
Сөздік қоры қазақтың неткен кенен,
Тіршілігін бектеген, бекемдеген.
Болмыс болымсыздығын байқаған соң,
Досбол деген, Берікбол, Ербол деген.
Әйбат атқа ие боп ұл-қыздар да,
Хан, Тәңірге баланған шың-құздар да.
Сүмбіле деп, Үркер деп, Таразы деп,
Шоқжұлдызға ат берген, жұлдыздарға.
Торыққанда өмірден, түңілгенде,
Болмысыңның түбіне үңілген бе?
Күйінгеннен «опасыз жалған» депті,
Қарс айрылып көкірек күрсінген де.
«Озмыш жоқ, – деп, – жазмыштан»
бір түйеді,
Үркек көңіл жалтақтап үрпиеді.
Талайлы да талайсыз тағдырларды
Сөз етсем, ағытылар жыр тиегі.
«Пашпырт бітті» дегенің өмір бітті,
Бере қояр кім оған көрімдікті.
Өте шықты жастық шақ көрген түстей,
«Қап, әттеген!» деп бүгін көңіл күпті.
Жарық жалған болған соң, жарқырап өт,
Ағысы асау өзендей сарқырап өт.
Қыран құстай самғап өт, шарықтап өт,
Арғымақтай ағып өт, арқырап өт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу