Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  105


Автор: Сəбит Бексейіт

Ғалам мен үй

Жалығатын, құлазитын жөнім жоқ,
Аллаһ барда ғаламзатта өлім жоқ.
Жұмыр жер бар, Азия бар апайтөс,
Отаным бар – жерім жайсаң, елім тоқ.
Жерұйығым – бір бөлшегі жұлдыздың,
Аймалаған түнде Ай мен күндіз Күн.
Аймағым бар жайылған мал мыңғырып,
Алтын дән ғып жайқалтатын ырзығын.
Ауылым бар дәстүр-салтын сақтаған,
Азамат бар ел үмітін ақтаған.
Күннен күнге келбеттенген қалам бар,
Елбасының өзі көріп мақтаған.
Шүкір, Аллаһ, баспанам бар, үйім бар,
Азын-аулақ дәулетім бар, күйім бар.
Жұртпен қатар қарапайым күн кешіп,
Жәмиғатқа жырмен өрген сыйым бар.
Жеті қат көк жеті қабат қолшатыр,
Алдымызда пәлен парсек жол жатыр.
Жеті қат жер жеті қабат тұғырым,
Алыс жолда болдырмайтын жорға тұр.
Бозаңытып жатыр әне Құс жолы,
Пырағымның қанатында күш толы.
Қандай әйбат біздің галактикамыз,
Шет-шегіне жетсем шіркін үш қонып!..
Ұшып барып қанатымен қиялдың,
Қайта оралдым. Жер-Ананы қияр кім?!
Ғарышкеме кабинасы – бөлмемнің
Әйнегінен көріп тұрмын үй алдын.
Ақ қағаздар бозғаламдай бозарып,
Жұлдыздардай жыпырлайды көп әріп.
Үшкір тұмсық зымырандай қаламым,
Жүйткиді кеп кеңістікте қозғалып.
Қандай ғажап мына жарық дүние!
Қараймын жан-жүрегіммен сүйіне.
Мәңгі бақи жасай берші, кең Ғалам,
Құт-береке сыйлап елге, үйіме.
Жарық көріп жатыр кітап... газеттер,
Тасқа түскен, хатқа түскен мезеттер.
Жаңа жеткен әр басылым бетінде –
Оқиғалар, жаңалықтар, есептер...
«Жас Алашқа» ауып бір сәт көңілім,
Қолыма алдым үр жаңа бір нөмірін.
Мәшһүр етіп ардақтысын алаштың,
Саралапты қалың елдің өмірін.
Шартарапқа апарады бай өріс,
Жұмыр жерде не болса да – аян іс.
Бағамдаймын болашағын ғаламның,
Экранда – «Дискавери Сайенс».
Жалғызсырап құлазитын жоқ жөнім,
Абыр-сабыр аржағында бөлменің.
Жан жарым жүр дәм әзірлеп ас үйде,
Күңкіл-шүңкіл отау үйде ұл, келін.
Кіші бөлме жаққа назар салдың ба, –
Немере отыр компьютер алдында.
Рефератын өзі жазып, басады, –
Тура өзімнен аумайды осы қалпында.
Шүкір, Аллаһ, бергеніңе разымын,
Дәмін татып көрдім тәтті, ащының.
Айып етпе, кетсем басып гөй-гөйге, –
Ақындардың боп келеді назы мұң...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу