Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  149


Автор: Сəбит Бексейіт

Мен - Аралмын

Мен – аралмын.
Адам-ағыс iшiнде жеке қалдым,
пенделерден пәрменсiз секем алдым.
Бос үмiтке не дауа:
сара САНА,
әлеуметтiк хаосты жеңе алмадың!
Асқақ сана мен сенген, қал адыра,
сен – себепкер тiрлiкке дара мына!
Мен – рухани Робинзон Крузомын,
жұрт ерiксiз алатын назарына!?..
Мен – аралмын.
Болмыс-сұмды өзiмше жеңе алармын,
“шекпен” киiп оңаша, “шен” алармын.
Жырақ кетiп қосымды жеке тiктiм, –
көп сарбаздың iшiнде генералмын.
Аулақ менен, алдамшы ақыл-сана,
жанашырсып, қамқорсып жақындама!
Сезiм ғана серiгiм бұдан былай,
түсiнетiн менi тек ақын ғана.
Мен – аралмын.
Баласынан жеркендiм Адамзаттың, –
үмiт артқан болмады қадам сәттi.
Жүрегiмдi айнытты күйкi тiрлiк, –
жаңғалақтық, жалтақтық, жарамсақтық!
Пенделердi көп көрдiм харам, пасық ,
күш-қуатсыз, қауқарсыз, надан, жасық.
Мұнша неге бейдәрмен болды бәрi, –
жаман жәутiк жандардан барам қашып...
Мен – аралмын.
(Болса киер киiмi, iшер асы, –
болмас сiрә пенденiң бейшарасы?)
Тұрса дағы күйреудiң шегiнде шын,
ұсынарым – ЖАЛҒЫЗДЫҚ ИДЕЯСЫ !
Зиялының ұнатам жалғыздығын,
мазалама, ойшылға алғыз тыным.
Пiрiм менiң – Даралық! Парасатты
ахуалды түйсiну – бар қызығым.
Мен – аралмын.
Мұң мен зарды көтерген қара нармын,
тәнiм сау да, жаныммен жарадармын.
Боданынан безiнген аулақ барып,
Наполеон ағзамға парапармын !
Бар сенiмiн тәрк етiп даналардың,
кiсiкиiк, жатбауыр саналармын.
Топжарғанға, әйтсе де, адастырмас
тура жолды дәл мендей таба алар кiм?
МЕН – АРАЛМЫН.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу