Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  120


Автор: Сəбит Бексейіт

Опалы ғалам, қапалы адам

Мәңгiлiк келер бiр күн жылдап күткен,
зымыран жарыққа тән жылдамдықпен;
жамбасты суық көрге жайғастырып,
шекенi шексiздiкке бұрған түнмен.
Мәңгiлiк – айналу ғой бiр жұлдызға:
көгiлдiр, сары-жасыл, қызыл нұрға.
Мәңгiлiк:
Жерге – тәндi,
Көкке – жанды табыстау…
(алағызып, үрдiс бұзба).
Ай – маяк, күндiз сөнiп, түнде жанған,
өткiзiп тұрады елдi күре жолдан.
Қозғалыс – жер мен аспан арасында,
көшедi ерсiл-қарсыл күнде жалған.
Кеңiстiк, деп тұрғандай: “кiмсiң маған?!”
Жөн, бiлем, парсектерден қымсынбаған.
Күн-айлап, жылдап өлшер мәурiт емес,
мәңгiлiк – миға сыймас тылсым ғалам.
Куә ғып боз аспан мен боза түндi,
қойсам ба бiр жұлдызға өз атымды.
Қашаннан көз жетпеске көңiл жеткен,
ғарышқа самғатады Сөз ақынды!
Ашқан ба көк күмбезi әсте сырын,
сып берер табу қиын қақпа, есiгiн.
Опалы он сегiз мың бұл Ғаламнан
қапалы неге iздеймiн Кафка есiмiн?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу