Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  132


Автор: Сəбит Бексейіт

Тулайды өмір толқыны

Жұмыр жер зулап барады
ғаламды кезіп, дөңгелеп.
Сүйсініп Тәңір қарады,
көгілдір шарда өң бөлек.
Қас қағым сәтте жылдамдық
ұшқыр-ау сонша орасан.
Бір сөндік біздер, бір жандық,
жұлдызбыз – шындап қарасаң.
Көзіңді ашып-жұмғанша
өтеді бір мың шақырым.
Ілесіп барар жол қанша,
қалмайды ешкім мақұрым.
Сол сәтте біреу тың, сергек,
сол сәтте біреу ұйқыда.
Толғанса біреу мұң-шер кеп,
біреу тұр келмей сиқы да.
Сол сәтте біреу тояттап,
жеріді біреу сол шақта.
Отырса біреу ой қамап,
той қамдап біреу жол жақта.
Бір желке шықса жалданып,
бір желке қалды қасынып.
Аңқаулар қалса алданып,
қулар жүр шалқып, тасынып.
Қалайда осы ғаламда
қайнаған өмір, тіршілік.
Алпауыт жүрсе талтаңдап,
мүскіндер отыр түршігіп.
Ғарышта самғап барамыз,
жылдамдықты бір сезінбей.
Бір кемедеміз, қараңыз,
ал сапар – тағдыр тезіндей.
Суқұйғыш шоқжұлдызынан –
Арыстан шоқжұлдызына!
Картаны, міне, ұсынам,
қарашы, достым, құлшына.
Оң болсын мәңгі бұл сапар,
сәт сайын сезім сергісін.
Жануға іңкәр пульсарлар,
өрекпіп берер белгісін.
Зулайды ғарыш кемесі –
көгілдір әйбат ғаламшар.
Бар ма екен сірә теңдесі,
әйтеуір болсын Алла жар!
Тулайды өмір толқыны
жарық жалғаннан тараған.
Үдесе тамыр солқылы,
самғауға, шүкір, жараған.
Жұлдыздар өшіп, жанады,
туындап галактикалар.
Даналар естен танады,
ғайып боп қыршын Никалар.
Құс жолы жатыр созылып
мыңдаған жарық жылдарға.
Жұлдызды ғалам боз, тұнық –
мол арқау жарқын жырларға.
Суқұйғыш шоқжұлдызынан –
Арыстан шоқжұлдызына!
Жыр гүлін, міне, ұсынам,
оқышы, достым, тұшына.
Құс жолдың кіндік тұсынан,
тарайды өмір толқыны.
Шырқалсын шалқып күміс ән,
тынбасын тірлік жөңкілі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу