Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  144


Автор: Сəбит Бексейіт

Менің есімім

Иесi ерек болса егер есiм де ерек,
Тосын ой ма бұл сiрә, шешiм бе ерек?!
Солай болған қашаннан, солай болмақ, –
Күштi ақынға лайық есiм керек!
Асан абыз есiмiн, Бұқар атын
Құрмет тұтар құмар ел, құмар ақын.
Нақыл сөзiн өрнектеп өлеңменен,
Жыр тiлiмен қалдырған ұлағатын.
Сәбит екен әкесi сол абыздың,
Сәбеңдерге кенде емес дала бiздiң.
Дөнентаев,
Мұқанов ...
және Мен бар –
Бұл есiмнiң өлеңде қалады iзi.
Үлкен әкем мәрт Бекең – бектің бегі,
Көз көргендер сүйсініп “тектім” деді.
Әулиедей көретін әкем Қыдаң –
Қыдыр баба боп кеткен секілді еді.
Кеткендiктен ертеден араласып,
Екi есiмнiң бiреуi – араб нәсiл.
Осал ныспы дей көрме Сәбит деген,
Мықты,
Берiк,
ТАЙСАЛМАС – баламасы.
Тiнi берiк жырымның, дiнi мықты,
Жарық көрген туды ғой күнi құтты.
Жүректерден алайын тұрақты орын, –
Ығыстырып әзәзіл зұлымдықты!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу