Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  110


Автор: Сəбит Бексейіт

Тайлақ батырдың алмас қылышы

«Өзгерді ме даламның кескін-кейпі,
Қандай ұрпақ, нендей гүл өскіндейді?
Құлақ түріп жатсам де ертелі-кеш,
Ат тұяғының дүбірі естілмейді?!
Жасып әлде кетті ме үрім-бұтақ,
Жерім азып кетті ме, тозып құрақ?» –
Деп, әруақ күнұзақ күңіренді,
Жан-жағынан қаумалап қалың сұрақ.
Маңайдағы тірлікті бөтенсиді,
Төмпешікті қозғалтып, өскен шиді,
Баһадүрдің өр рухы шамырқанып,
Деріпсалдың бойында дөңбекшиді.
Жер қыртысын қопсытып, қақыратып,
Қабірінен тұрғандай батыр атып,
Сыртқа шықты шошайып алмас қылыш,
Өткір жүзін жалғанға жарқыратып.
Оңды-солды сілтесе батыр бабам,
Найзағайдай сол қылыш жарқылдаған.
Сол қылышпен туралып талай қалмақ,
Қабырғасы сөгіліп, қақыраған.
Сайрандамақ ойы бар, тайраңдамақ,
Сол қылыштан жайраған талай қалмақ.
Азаттықты ту еткен ердің ісін,
Аңыз қылып айтады арайлы аймақ.
Биболдыдан үш батыр атқа қонса,
Жүрек жұтқан сарбаздар сапта болса,
Қанша түмен болса да жер қайысқан,
Дұшпан жанын қала алмас сақтап онша.
Шерубай ер шерулеп қол бастаса,
Жан бауырлар ілесер қапталдаса.
Сақадай сай Тайлақ та, Деріпсал да,
Атой салып жөнелер – аттандаса.
Ерлер еді елім деп еңіреген,
Ата жауды жек көрген тентіреген...
Ардақ тұтып, есімін ұран етіп,
Амандығын солардың ел тілеген.
Құлақ түрсең аңызға ертедегі,
Сайын дала айдыны тербеледі.
Жойқын шайқас өтіпті, қанды қырғын,
Сарыарқаның бойында бетегелі.
Соңғы шайқас қашанда ауыр сынақ,
Қарсыласар өлермен жауың ширақ.
Сынды бәлкім қылышы сондай сәтте,
Білмейміз ғой мән-жайын оның бірақ?..
Тот баспаған, қос ғасыр мұқалмаған,
Оттан, судан кетіліп, жұқармаған.
Қақ жартысы біздерге жетті, міне,
Мұражайдан лайықты орнын алған.
Осы сірә тегін бе, бір сәт ойлан,
Сезесің бе, бойыңа қайрат қонған.
Баба рухы сыйлаған алмас қылыш,
Ұрпағына сес болған, айбат болған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу