Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  96


Автор: Сəбит Бексейіт

Айтсам шынын...

Айтсам шынын,
Құдай аяр халдеміз.
Қиналамыз, кигендейін тар кебіс.
Бір дөкейдің қызы «тобыр» атаған –
Бесінші колоннамыз әлде біз?
Түйсігі жоқ небір жебір астам, ә?!
Теңестірді өздерін кеп кастаға.
Кегжиеді тап бір арғы атасы
Махараджа болғандайын мастана.
Шектен шыққан бұл не қылған бетсіздік,
Тоңмойындық шеккізді ғой шексіз мұң.
Сұрап көрші, біле ме екен бұл жазған,
Айырмасын текті менен тексіздің?!
Сұңғыласып бой түзейді бай-манап,
Менсінбейді қазағын бұл қаймана.
Көптің қамын, мұң-мұқтажын қайтеді,
Вилласында жайғасады жайлана.
Сыр білдірмей жылмитқанмен түр-өңін,
Салып жүрген білеміз ғой сүреңін.
Элита деп әлдеқандай қылғандар,
Элюардың біле ме екен бір жолын?..
«Халық – тобыр» деген түбі оңбайды,
Тәңір өзі тезге салар ондайды.
Халық деген екінші аты Аллаһтың,
Қарғысына ұшыраса, сорлайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу