Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  109


Автор: Сəбит Бексейіт

Мөлдір жыр - тұнық жыр

Сары уыздай тіл үйірген тәттімсің,
Бал дәміңді ерініңнен таттым шын.
Жансарайды нұрландырып әп-сәтте,
Шалқар шабыт сыйлайтұғын шаттықсың.
Жаным іңкәр, тәнім тәнті не жансың,
Шайыр біткен жаза алмаған ғазалсың.
Самалсың сен лебі жұпар, хош иіс,
Жанарыммен аймалайтын жамалсың.
Неткен ғажап тұнықсың сен, мөлдірсің,
Менің бейнем түсіп тұрған үлбірсің.
Іркілемін айтар сөзді айта алмай,
Тіл-аузымды буып-матап бір тылсым.
Көктемде осы бүрін жарған бір гүлсің,
Ақ тілегім – қауызыңа нұр тұнсын.
Пәктігіңді жер-жиһанға паш етіп,
Әспеттейтін мөлдіреген жыр тусын.
Жүрек тулап, беймаза бір күй кешем,
Көнбес ақыл, «есіңді бір жи» десем.
Мөлдір жыр боп төгілер ме тұнық сыр,
Ынтызар боп егер сені сүймесем.
Білген жоқпын тосын келіп өртерін,
Алаулаған от құшақ пен өрт-ерін.
Жан-тәнімді, ой-санамды баураған,
Таппадым мен, таппадым мен дерт емін.
Қызғалдақтай құлпырасың көктем кеп,
Сымбатыңа сүйсінетін бөтен көп.
Тұнық сырды ұқсаң егер, Ульрикам,
Мөлдір жырды төге берем Гётең боп.
Сәуір маған болмаса да таңсық тым,
Қысқа түндей атар таңға асықтым.
Күн дидарлым, сыйлашы бір от демді,
Мен өзіңе өлердейін ғашықпын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу