Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  115


Автор: Сəбит Бексейіт

ХХІ ғасырға бет алған керуен

– Жарандар,
мінеки, қараңдар,
сахнада шымылдық жабылды.
Тұрмаңдар, қайтыңдар, тараңдар,
қағамын қоңырау, дабылды!
ХХ жойқын ғасырдың
ТРАГИКОМЕДИЯСЫ аяқталды.
Жақсысын асырдым,
жаманын жасырдым,
жырлай да, зарлай да жақ талды!..
Бас актер осылай деген соң,
көрермен халайық сабылды.
Біреуді күлдірді бұл сөздер,
енді біреуді ыза қылды.
Әр тілде шулаған қалың жұрт
көзге елестетті Бабылды.
Ерсілі-қарсылы лықсыған,
нөпірге шығар жол табылды…
Бас актер айналып жаршыға,
сұңқылдап жөнелді тағы да.
Тұлғасы құдды бір қаршыға,
талмайды өзінің жағы да:
– Жарандар, мінеки, қараңдар,
керуен бет алды ертеңге.
Көш-көлік дайын тұр, қалмаңдар,
өткенде қалмасын бір пенде.
Адамзаттың карнавалы
келесі ғасырға барады…
Барады асыл да, масыл да,
барады алғыр да, тасыр да.
Бәрінің хақы бар, ешқайсы
қалмайды өтетін ғасырда.
Барады жайсаңдар, жақсылар,
әпенде, дәруіш, бақсылар.
Аруын аймалап серілер,
қаруын асынып сақшылар.
Барады еңбектің торысы –
қазағы, кәрісі, орысы.
Барады “Азия дауысы”,
барады шетелдің Соросы.
Барады ғұлама Олжастар,
Мұхтарлар һәм Иран-Ғайыптар.
Барады талабы мол жастар,
бойында дарын бар, айбын бар.
Барады алыстар, жақындар,
барады ғалымдар, ақындар.
Ғалымды дүмше кеп мазалап,
ақынды дәлдүріш тақымдар.
Адамзаттың карнавалы
келесі ғасырға барады…
Барады ізгілер, зұлымдар,
барады адалдар, арамдар.
Барады аңқаулар, жылымдар,
барады мырзалар, сараңдар.
Сан соғып десең де “Әй, қап!”
көрелік, десең де, бір байқап,
жақсыға жамандар ілесер, –
Уақыт пен Кеңістік шын байтақ.
Зұлымдық, Жамандық жүр есіп,
қыр-соңнан қалмайды ілесіп.
Көретін көрешек – алдыңда,
ғұмыры өтесің күресіп.
Барады өнерге құштарлар,
барады өнерге іштарлар.
Құштарлар – қанатты қырандар,
іштарлар – жыланша жорғалар.
Даңғылға жармасып даңғойлар,
арумен таласып сәнқойлар, –
барады бәрі де ертеңге,
сап түзеп солақай, оңқайлар.
Көрші елдің әскери парады
келесі ғасырға барады…
Барады арандатушылар –
кірменің шер-мұңын шаққызған.
Жириновский сынды жындылар,
қазақтың көк туын жаққызған.
Өтірік есінен ауғансып
барады Казимирчук-Пугачев.
Өтірік жуасып, аңқаусып,
ойнақтап, жортақтап жүр қас көп.
Адамзаттың маскарады
келесі ғасырға барады…
Барады жебірлер, обырлар,
тоғышар һәм топас тобырлар,
тінтініп дау, бүлік іздеген
лаңгерлер, сойқандар, содырлар.
Мәз-мейрам бәрінен лаңгерлер,
өзінше хас батыр, паң ерлер.
Күтеді алдынан – зоналар,
Күтеді алдынан – лагерьлер.
Барады теңгелер, долларлар,
франктер, лирлер мен иендер.
Барады жоқ-жітік, шонжарлар,
бажалар, балдыздар, жиендер.
Барады сыбайлас жемқорлар,
барады мафия дін аман.
Барады мүгедек, кемтарлар,
төреден бір көмек сұраған.
Барады кәнігі кәззаптар,
барады жезөкше жәллаптар.
Барады жер даулап казактар,
қазекем қашанда жалбақтар…
Көрші елдің әскери парады
келесі ғасырға барады…
Пушкині сәл үнсіз қалғанда,
сөйлейді орыстың пушкасы.
Өктем боп жендеттер жалғанда,
көздеп тұр қай елді мушкасы?
Көр әне ойқастап таптауын
жеріңді, суыңды, көшеңді.
Атқылап, бомбалап Қап тауын,
жіберді босқын ғып чешенді!..
Күшті елдің әскери парады
келесі ғасырға барады…
Барады патша да алжыған,
тапсырып “қара портфелін”.
Барады дөңгелеп жер-жиһан,
алсын деп ашулы қарт демін.
Соғыспен бастап ед ғасырды,
соғыспен бітірді ақыры.
Ядролық қаруға бас ұрды
дүние жүзінің пақыры.
Ғасырға барады келесі
Жұмыр жер,
мұхиттар,
құрлықтар,
келбетті Келешек белесі
осынау сапарды шын құптар.
Адамзаттың карнавалы
келесі ғасырға барады…
Барады күлкі де, шаттық та,
барады уайым да, қайғы да.
Барады Арман да, Бақыт та,
барады жайсыз да, жайлы да.
Қарқылда, мейлің сен жымыңда,
барады келесі ғасырға.
Құдайбергеннің пошымында,
кейуана һәм Қожанасыр да.
Бауыржанға кім селқос қарады,
әр тілде кейіптеу қиын,ә?
Бір партия ойнауға барады,
қарт әти құдағиына.
Келесі ғасырға барады,
төрткіл дүние маскарады,
халықтардың карнавалы,
әскерилердің парады…
Жас заман еңсесі төнді кеп.
Кішіріп қалғандай тұлғасы,
суреттен көрінер енді тек
ХХ ғасыр сұлбасы…
Құжат ол мұрағаттарда,
экспонат – мұражайларда.
Мұң, шер ол …
сыр тұнған хаттарда,
төсеніш – саяжайларда.
Сурет галереясындағы,
елесі ол Әбілханның.
Цирк аренасындағы
елесі ол Қажымұқанның.
Көрермен есінде жаңаша,
сұңғаты Сальвадор Далидің.
Жанкүйер есінде тамаша
нокауты Мұхамед Әлидің.
Шаң басқан кітапханаларда –
көк томдар, көп томдар қап-қалың.
Солардың біреуін аларда
шын олжа – Мұхтарды тапқаның!
Шыр айнал
Жер шарын, Карнавал,
сырнайлат,
кернейлет, қақ дабыл.
Әр әнді әр елге арнап ал,
барлық жұрт болсыншы сапта бұл.
Дөңгелен үйіріп, Маскарад,
маскалар көз алдар қаптаған.
Масқарампаз, жұртты жалт қарат,
сценарий сөзінсіз жаттаған.
Орынсыз, әлбетте, парадтар,
әскери жорықтар жараспас,
ғасырдан ғасырға әрі аттар
тұста бұл жиылсын бар аспаз.
Айтыскер ақындар жиылсын –
ұрпағы Тоқтағұл, Жамбылдың.
Соларға дәйімі бұйырсын
сыйы мен тартуы тағдырдың.
Күдікті үмітке жеңдіріп,
үстемдік құрар деп Парасат,
аспанға қарайды телміріп
жақсылық көксеген Адамзат.
Алаңсыз жүргенмен кей жандар,
Фучик боп шыңғырар шындық бар.
Қапыда қалады бейқамдар,
куә оған – мыңжылдықтар.
Адамдар, қалайда байқаңдар,
той өтер ию да, қию да…
Шын қайтып келсе Иса Пайғамбар,
жоқ деме тағы бір Иуда?!
Әлбетте, жолға шық, бекін де,
күтеді – не белес, не қия.
Қайталанбасыншы деп тіле
қасіретті трагедия!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу