Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  92


Автор: Сəбит Бексейіт

Келешекке көшем десем өлеңдей..

Ғұмыр кешем дүниеге елеңдей,
жүрсем дағы өзiм оған еленбей.
Белеңдей ме алынбаған бел-асу,
Көлеңдей ме әлде алдымнан менен дөй.
Тылсым әлем… шайқалмаған зерендей,
мың сан дыбыс… құлақ түрем кереңдей.
Көп бiлем деп көкием-ау кейде мен,
түскен ләзiм маған әлi тереңдей.
Таным – мұхит,
талпынысым – кемемдей,
талғамыммен алдым ба екен шегендей!..
Жүгiм ауыр: сенiм, күдiк – оң, солым,
кетiп барам шайқалақтап теңелмей.
От ауызды, орақ тiлдi шешен кей,
ақиқатты айтар едi-ау тежелмей.
Жыр дегенiң ойға тұсау қашанда,
шықпай қойды-ау iштегi шер-шемендей.
Қандай күш бар рухымды бұл жеңердей,
мызғымаймын жақпар тасты кемердей.
Көп сөз – былшыл… бiр сөз айтсам жетедi,
перiштең не, сайтан естiп сенердей!..
Өмiршең де өрелi бiр өнердей,
ертеңiме жетем десем көнермей,
көк дөненнен жүйрiк менiң көңiлiм,
сенiң дағы көсегең бiр көгергей!
Мәңгiлiкке өтем десем мен өлмей,
келешекке көшем десем өлеңдей,
жансарайым әсемдiктi көксеген,
кенен сезiм, кемел ойға кенелгей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу