Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  126


Автор: Сəбит Бексейіт

Иман

Терең сыр бар тұңғиық түнгі аспанда,
түйсінгенмін тұнжырап мұңдасқанда.
Табиғаттың тылсымын ұқсам деп ем,
ұқпай оны тынбас ми, тынбас жан да.
Жұлдыздарға қадалып жымыңдасқан,
ғашықтықтың ғажап бір сырын ашқам.
Жаратылыс жұмбағын шешсем деп ем,
шешпей оны өң қашқан, ұйқы қашқан.
Ұстап көріп, ұғынып ғалам затын,
көрсем деп ем дүние ғаламатын.
Қандай жақсы, фәнидің сезінбесең
қажеттіліктері мен машақатын.
Алғыр өтпек жалғаннан, тасыр өтпек,
олар түгіл күні ертең ғасыр өтпек.
Неге сонша қиналдым, азаптандым,
пешенесі пенденің – қасірет пе?!
Құмартудан бой тартпай, ынтығудан,
нені қуғам, білмеймін, кімді қуғам?
Құмарлықтың түбі – құрт, қара құрдым,
қарап тұрсам анықтап, жынды қуғам...
Жек көріппін талайды, ұнатыппын,
біреулерді жазықсыз жылатыппын.
Қу нәпсі мен қу құлқын кезек арбап,
өзгені емес, өзімді құлатыппын.
Бақытсыздық құралған осылардан,
құрбаны боп кетеді асыл арман.
Неме қажет аз күнгі алданыштар,
бейбақ болып мен енді бас ұра алман!
Көрсем деп ем көз тоймай дидарын бар,
мен бір мәжнүн шығармын Ғаламға іңкәр?
Күнге күйіп қанаты, арманда өткен,
айтыңдаршы, құс па, әлде
адам ба Икар?!
Қан сасыған төңірек – қасапхана,
көк көз сарбаз тұр әне масаттана.
Ал мен байғұс бақытты болсам деп ем,
ізгілікті істерді жасап қана.
Сөйтсем, мұным бос әуре жалғанда бұл,
өнбес іске ұмтылған алаңдап ұл.
Жер бетінде зұлымдық билік құрған,
таппай қойды пүшәйман санам дамыл.
Құдайдан да қорықпас мына арсыздар,
не хайла бар, тек іштен тынарсыздар.
Аярлар жүр қолпаштап жауыздарды, –
әділетті қайтеді имансыздар?!
Адамзат баласының бірісің бе,
астамсынып өзіңше ірісінбе.
Иман – ізгі рухтардың бақыты екен,
ал тіріге береке бұйырсын де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу