Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  126


Автор: Сəбит Бексейіт

Тақ туралы толғаныс

Қай ханзада мініпті жайдақ атқа,
Елден сұрап отырды қай хан таққа?
«Қарасы көп, – дегенде, – қарашының...»,
Көніп еді қай төре айтқан датқа?!..
Бодандыққа тап болдық ант атқанда,
Беймәлім сыр жатқандай атқан таңда.
Бастан бақтың ұшқанын бір-ақ білдік,
Жараланған жүрекке қан қатқанда.
Аққа аузы жарымай ел шөлдесе,
Жауар бұлтқа зар болып жер шөлдесе,
Сонда да Тақ – төренің көксегені,
Шерді тағы қозғайын, шер жөндесе!
Төре келе жатқанда бұқпа, мұндар,
Сейілмейді көз алдын тұтқан мұнар.
Таққа ие болу дегенің әлімсақтан –
Халыққа ие болу екенін ұққан кім бар?!..
«Абылай аспас сары бел» неге атандым,
Дау үстінде бұлжымай текті қалпым,
Хан шақыртқан кеңеске қиырдағы,
«Тура биде туған жоқ» деп аттандым.
Хан екен деп шеніне қарамадым,
Әр қадамын ақылмен сараладым.
«Ат төбеліндей азсың» деп, жолын бөгеп,
Елді нақақ жаладан арашаладым.
Адамзаттан адам жоқ асып туған,
Хан да пенде бақ қуған, нәсіп қуған.
Бақ бермесе бармақтай, хан бола ма,
Ел билеуге төренің бәрі ұмтылған.
Абылай да өзінше армандады,
Ұйыстырып қазақты бар маңдағы.
Кім жек көрсін жақсы хан атануды,
Соры қалың болмаса маңдайдағы?!
Жер емшегін тартқылап, мал емшегін,
Аш құрсақ болмасын деп алаш елім,
Ат үстінен хан ием бір түспеді,
Мына шебін қорғаштап, ана шебін...
Емізсем деп еліме екі емшекті,
Шерменде боп шер-мұңды терең шекті.
Сөйткен Абылай жетпеген дегеніне,
Болжап енді бола ма келешекті...
Сол Абылай мұратқа жете алмады,
Қарап сыңар емшекке ел де қалды.
Жалғыз құла биенің сүтіне қарап,
Елмен бірге, қайтейін, мен де қалдым.
Қыстан қыспақ көрмегін, еркін елім,
Қалма жазда қаталап, деп тіледім.
Шөл мен жұтта ел ерні кезермесе,
Кезермес-ау деп едім менің де ернім.
Жазғы шөлден құтқарар, қысқы жұттан,
Қысталаңнан құтқарар, қым-қуыттан,
Қамқоршының білмеймін қайда екенін,
Елтұтқа деп пір ғып ел кімді тұтқан?!..
Жер емшегін сорғылап, мал емшегін,
Қашан қабат емеді Алаш елім?
Оны да мен дәп қазір айта алмаймын, –
Күн туа ма тарқатар далам шерін?..
Қамқоршыңды бүгінде таптың ба, елім,
Қауышты ма қайтадан салтың керім?
Екі емшекті тел еміп жатырсың ба,
Аузың аққа жарығыр халқым менің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу