Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  104


Автор: Сəбит Бексейіт

Кентавр

Кәмел Жүністегіне
Эллададай ежелгі бір ел таныр,
Салт атты скиф,
мифтік бейнең – Кентавр.
Ағып өтті аттылы ғұн Аттила,
Жаяу-жалпы ілбіп жүрмін мен қазір.
Белгілі жәйт – шаңы шықпас жаяудың,
Бұлт боп торлар көңіліңді қаяу-мұң.
Ұшқан құспен сәлем жолда Алтайдан,
Дунай жақтан қол бұлғаса аяулың.
Ертоқымды мұражайдан көрген ем,
Жеткен бізге тым алыстан – көнеден,
Көңілімнің жүйріктігін қайтейін,
Ерттеп мінер болмаса егер көк дөнен!..
Еуразияны көктеп өтер жүйрік сол,
Ақ сағым боп айлық жол мен күндік жол.
Шықты ғұндар көк теңізді бетке алып,
Артта қалды асқар тау мен тұнық көл.
Ағып өтті аттылы ғұн Аттила,
О, Тәңірім, осындай бір сәт сыйла!
Жұлдызды сәт, толағай сәт – мұндай сәт,
Шапағатын күтер болсаң, дәт жина.
Жаудырудай жаудырған ғой құт аспан,
Батыр болды, көсем болды жұрт асқан.
Ат үстінде өтіп бүкіл ғұмыры,
Тұлпарымен бір тұлға боп тұтасқан!
Содан бері өтті талай өрт-дәуір,
Семсердейін тағу қиын сертті ауыр.
«Маңқа» атанып жылқы деген жануар,
Сәйгүлігін қырып салды дертті ауыл.
Ер қанаты біржолата қырқылды,
Мұжық пиғыл иектеп ап жұртыңды.
Жапырайған жаяу қазақ жараспас, –
Жапан далам, кетіріп тұр сұрқыңды?!
Түптұлғаны алдық біздер жоғалтып,
Тиді жынға мимырт тірлік доғал тым.
Киетегім – Кентаврды сағындым,
Асқақ еді,
Сымбатты еді со қалпым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу