Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  103


Автор: Сəбит Бексейіт

Түйін

Гүл кештiм, күн кештiм, мұң кештiм,
су кештiм, от кештiм, құм кештiм.
Құрайды осынау мол кешу
ҒАСЫРКЕШУIМДI мың көштi!
Көр ғажап Ғасыркешуiмдi,
Көр әйбат теңделген жүгiмдi.
Сен – кенен де кемел Кешесiң,
жас Бүгiн саған кеп жүгiндi.
Көш кетiп барады кешеге,
бейнеттi жол кешiп нешеме.
Тар жол да, сан тайғақ кешу де –
бiздерге бұйырған пешене.
Көш ұзап барады мәңгiге,
салқар көш сәндi де, мәндi де.
Орны бар, төрi бар тиесi,
ғасыр бұл күштi де, әлдi де.
Сен, Ғасыр, менiң Өткелiмсiң,
қимай қоштасар өткенiмсiң.
Амазонка ару – ғасырым,
сен өте сұлусың, керiмсiң!
Кеудемсоққа бас ұра алмадым,
кеуде соғып алас ұра алмадым.
Жақсыңды асырып баққанмен,
жаманыңды жасыра алмадым.
Қарғайын десем – жалғызымсың,
қарғамасам – жалмауызымсың.
Маңдайға бiткен Тағдырымсың,
масштабын үлкейткен IЗIМСIҢ!
Адам кейпінде сен әкемсің,
жүзін көрмеген ұлы әкемсің.
Көз қимас құрбы-құрдасымсың,
арманда кеткен інім – Сәкенсің.
Сұмпайы сұмдықты көз көрдi,
кешудi сұрайтын кез келдi.
Ғаламда бiр кешу барлығын
заман да, адам да сезген-дi.
Сен жаққа мойнымды бұрармын,
көкейде сауалдар тұрар мың.
Сұрарсың сен дағы кешудi,
мен дағы кешудi сұрармын.
Қаймықпай ешнәрсе, ешкiмнен,
алапат ғасырды кештiм мен.
Зұлматпен бетпе-бет келдiм мен,
тасқыннан аман қап, көшкiннен.
Тайсалмай кiсәпiр кескiннен,
ғасырдың жұмбағын шештiм мен.
Егерде жыршыңды кешсең сен,
сенi де, Аяулым, кештiм мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу