Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  120


Автор: Сəбит Бексейіт

Бастау

Бала боп, жiгiт боп гүл кештiм,
армансыз жиырма жыл кештiм.
Сарқылмас сиқырлы сыр кештiм,
ақын боп, жырау боп жыр кештiм.
Азамат ер болып күн кештiм,
күн кештiм аянбай, түн кештiм.
От кештiм азат ой үшiн мен,
су кештiм, керексе құм кештiм.
Елу жыл жалықпай мұң кештiм,
жүз кештiм басымнан, мың кештiм.
Ой кештiм тылсымды тұңғиық,
зар заман көшiне iлестiм.
Елу жыл iшiнде шер көштi
тұтастай ғасырды мен кештiм.
Запыран зар-мұңды осындай
кешпесiн, деп тiле, ендi ешкiм.
Жүз жасаған дана шалдаймын,
ғасырдың әр сәтiн талдаймын.
Сырттай – азулы арландаймын,
iштей – ашулы көкжалдаймын.
Жүз жасадым көп көргенiммен,
ой елегiнен өткiзгенiммен.
Тұла бойыммен түйсiнгенiммен,
жан-жүрегiммен сезгенiммен;
Сөнгенiмнiң тұтанғанымен,
Өшкенiмнiң күрт жанғанымен,
Өлгенiмнiң тiрiлгенiмен,
Арыстардың оралғанымен!
Жүз жасадым бар әулетiммен,
бұйырған шағын дәулетiммен.
Әулетiм құрайды ғасырды,
Жаратқан ием құдiретiмен.
Ғасырмен құрдаспын қаныммен,
атадан жалғасқан жаныммен.
Көп оқып, тоқығандарыммен,
тайсалмас тарихи таныммен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу