Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  88


Автор: Сəбит Бексейіт

Ай, заман-ай, заман-ай.

Басы – бүлiк,
Соңы – дау, бұл не дәуiр?
Ел болдырды жете алмай күнге тәуiр.
“Капиталды” ден қойып түсiнбеген
шәкiртiңе шикiлеу… күлме, Мавр*.
Күлме, Мавр,
Тап МұнДа** күнде дабыр,
кiмге рахат бұл жағдай, кiмге жәбiр.
Күлтөбенiң басында күнде кеңес,
басы – бүлiк, соңы – дау, бұл не дәуiр?
Бұл не ғасыр бiтпейтiн шырғалаңы,
соған тобыр көндiккен – бiр ғажабы.
Жұрт жалықпас Жүз жылдық жаңылудан, –
талшық iздеп күнi-түн зыр қағады.
Дөп келмеп пе бiздерге сұрқай қоғам,
әлде қоғам таппап па ыңғайлы адам.
Айтыңдаршы, сорақы осыншама, –
ақыл-ойға сыймайтын
БҰЛ ҚАЙ ЗАМАН:
Жоспарлары бесжылдық белестерден,
ой-арманы қияли елестерден;
“көсемдерi” ауысып кезең сайын, –
кеңкелесi кемелсiп кеңес берген?!..
Бұл не заман Құдайдан безiндiрген,
ар-иманға бiржола көз iлдiрген?
Хақ жолына түсе ме күнәһарлар,
ой күйеден арылмай, сезiм кiрден?!..
Парықсызға жол берген бұл не заман,
перизатсып бәлдендi күң де жаман.
Мырзасынып, паңсынып құл-құтаның,
“өрiстеттi” көп iстi мүлде харам.
Заңкөйсiнiп жөн айтса зәнталағы,
аузын ашып аңқау жұрт анталады.
Қызыл көрсе қызығып, қызынатын
жәдiгөйдiң көздерi қанталады.
Қызғаныштан iшiне құса-мұң кеп,
Тәңiр саған несiбе қиса – күндеп,
қарғыс атқан кешегi сталинист –
ИУДА жүр көз алдап ИСАМЫН деп!
Жынды адамның түсiндей бұл не ғұмыр,
күндiз күбiр тынбайды, түнде күбiр.
Еркек өсек айтатын заман туды,
жыбыр-жыбыр етедi қыл мен қыбыр.
Тұлпармын деп шабады шабан дөнен,
тау болудан ежелден дәмелi дөң.
Құбақанша құбылған замананың
пенделерi – iшмерез хамелеон!
Тәркi тiрлiк.
… Таң атса, күн батады,
шерменде-жан iңiрде тiл қатады.
Жүзiң күлiп тұрса да күн жарықта,
сыртқа шықпай iшiңде мұң жатады.
Бiлем, жақсы ғасырдың табылмасын,
мен түгiлi таппаған бабын Қасым.
Замананың көндiгiп илеуiне,
семсерiм тек қиына шабылмасын!
Бәлкiм бiреу “ғасырым – асылым” дер,
ендi бiреу “заманым – нәсiбiм” дер,
тағы бiреу “қимайтын дәуренiм” дер,
“салтанатым” дер дүбiрге асық үндер.
Көз ашқалы көргенiм – “өтпелi” күн,
Ай, заман-ай, заман-ай, өкпелiмiн…
Заман десем,
бейнесi тұрар алда
Айға қарап ұлыған Көк бөрiнiң!
Дiңкелетiп, қажытып, әлсiретiп,
сырттап кетiп барады ғасыр өтiп…
Мәңгiлiкке өзiммен ала кетер
Бар құпиям:
ҒАСЫРЫМ – ҚАСIРЕТIМ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу