Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  89


Автор: Сəбит Бексейіт

Демеу жыры

Сәулелi сәуiр... сүрлеумен
жападан жалғыз келемiн.
Күмбiрге толы жыр-кеудем,
күбiрлеп желге не дедiң?
Ауырдым, дедiң құс келе,
қайрылып құстар келгенде.
Кiрмейдi кейде түске не,
кейпiмдi көрдiм шерменде.
Құс келе, дедiң, ауырдым,
жарымжан болдым қырық күн.
Арқасы, шүкiр, сабырдың,
тамырым бекiп тұрыппын.
Тәуiрмiн, дедiң, жазылдым,
келгенше көктем келесi.
Асау ем кеше, басылдым,
айықты дерттiң елесi.
Жазылдым, дедiң, тәуiрмiн,
Iңкәрмiн жарық жалғанға.
Үнiмiн ұшқыр дәуiрдiң,
дұрыстап құлақ салғанға.
Бауырым, дедiң, әттең-ай,
Көрмедi мына заманды.
Арманда кеткен Сәкен-ай,
дүние түлеп, жаңарды.
Әттең-ай, дедiң, бауырым,
Сәттi осы күтiп зарыққан.
Жолының қара ауырын,
қапаста қатты тарыққан.
Сәулелi сәуiр... сүрлеумен
неге мен жалғыз келемiн?
Күмбiрге толы жыр-кеудем,
түңiлiп кетем демегiн!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу