Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  130


Автор: Сəбит Бексейіт

Тұтас бол, туған жер

Жаса сен мәңгi,
Жаса сен мәңгi, Туған жер!
Өзiңде туып,
Өзiңде жүрiп қуанды ел.
Өзiңде өнген жұртыңды тума жатсынба,
Сенi де Ел мәңгi тастамауға буған бел.
Тұтас бол мәңгi,
Туған жер –
АТАМЕКЕНIМ,
Ешқашан болмас екi рет туу, екi өлiм:
Өзiңде тудым,
өзiңде өлем жалқы рет,
Аман бол мәңгi,
Балқашым,
Лепсiм,
Текелiм!
Аман бол мәңгi,
Алатау,
Алтай,
Сарыарқам,
Туған жер барда, тынысым кеңiп, тарар қан.
Өлермiн өлсем, өшермiн өшсем мен ғана,
Өлмейтiн шығар,өшпейтiн шығар ақ арман!
Өлмейтiн шығар ақ алмас халқым – қазағым,
Тартудай тартқан жарық жалғанның азабын.
Өшпейтiн шығар бабалар жағып кеткен от,
Өшпейдi жырым, әйтпесе неге жазамын?!
Өлмейтiн шығар момақан халқым, әз елiм,
Қонақжай халқым, кеңпейiл халқым, аз елiм.
Өшпейтiн шығар нiл көкте Күнiм, Жұлдызым,
Жадырар мәңгi, жайраңдар мәңгi жаз-елiм.
Жiгерлен, жұртым,
Жiгерлен, достым, бауырым,
Көрдiк қой талай заманалардың дауылын.
Аман боп далаң, аман боп теңiз,тауларың,
Басыңнан бақыт кетпесiн Баянауылым!
Ғасырлар бойы келгенмiн қорғап, күзетiп,
Аман бол, арма,
Ерейментауым,
Сiлетiм!
Кеудеме сыймай тағы да жүрек бұлқынды,
Жетпiс тоғызда қалған ед байғұс дiр етiп…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу