Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  119


Автор: Сəбит Бексейіт

Медет

Кiм бiлмейдi өмiрдiң қысқалығын,
Жоқ сөзiңде ой қозғар мысқал ұғым.
Жарық күнге өзгенi жетелейтiн,
Қайда, ақыным, сендегi нұсқа қылық?
Қысқа өмiрдi қысқарта түс дейсiң бе,
Келер күннен үмiттi үз дейсiң бе?
Көктемiңмен дәйiмi қоштасасың,
Көңiлiмнiң қалауы күз дейсiң де.
Қайта айналып келмейтiн Жиырма бестi,
Келедi аппақ таңдармен жырлап өскiм.
Дүр сiлкiнтiп өтейiн күрсiнгендi,
Жыр жазғанша ойларды ұрлап ескi!
Көктем келсе – әрдайым гүл атайын,
Жасыл бақты жаз келсе ұнатайын.
Тарту етiп күз келсе жемiсiмдi,
Түңiлгендi қуантып жылатайын.
Қысқалығын өмiрдiң қазбаламай,
Ғұмыры ұзақ жырларын жазған Абай.
Көп жасаған пенделер бықсығанда,
Аз жасаған ақынның маздағаны-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу