Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  97


Автор: Сəбит Бексейіт

Менің Олжасым

... КӨКЕ,
сен дегенде үнiм сергек,
әумесердiң тастаймын тiлiн күрмеп.
Iзет етпей өзiңе кетiп барам,
қызықтаумен ғасырдың күнiн дүрмек...
Несi көсем жүрмесе көпке әмiрi,
сенi мәңгi қолдасын КӨК ТӘҢIРI!
Ақылмансың ТОНЫКӨК бабам сынды,
КҮЛТЕГIНДЕЙ алғырсың – бек тәуiрi.
Ақ бас таулар жадымда, шандоз дала –
Көктеп өтер кеңiстiк жампоз ғана.
Жаңылмасын
Зәузаттық жадым менiң,
ата тегiн бiлген ер әр кез дана.
Түседi еске сен десем өткен-кеткен,
(сүйетұғын маусымым КӨКтем деп пе ең?..)
Сол көктемiң, көкем-ау, кеттi-ау өтiп,
ТҰРАНЫҢА күз келдi (көркем неткен?!..)
Есейетiн кез келдi алашыңа,
(ұшырамай замана наласына).
Ырың-жырың күнұзақ дауға салмай,
қона ма бақ қазақтың даласына?!..
Ұяласа көңiлге сәтке шуақ,
Мәз-мейрам боп қаламын "әп" деп қунап.
Танымасам қайтемiн бейбақ болып,
танығаным өзiңдi – дәтке қуат!
Бүкiл кенен ТҮРКIнiң дүниесi
абыз санар тиер деп жыр киесi.
Үйлесiмнен түзiлген тұла бойы,
сендiк әлем бейне бiр КҮН жүйесi.
Сен – Күн,
ал мен – айналған бiр ғарағың,*
шуағыңмен толтырам жыр парағын.
Қияндағы ынтызар Плутондай
нұр мен жырға ұмтылып зыр қағамын...
АЗИЯТАНУ деймiн мен “АЗ и Я” шын,
сенше сүйсiн ұландар ӘЗ ҰЯсын.
"МЫҢ БIР СӨЗIҢ" –
ПАРАСАТ СӨЗДIГI боп,
адамзаттың толтырсын қазынасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу