Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  104


Автор: Сəбит Бексейіт

Қазақ елін қимайтын кедейшілік

Сенен безе қоймас ем, Кедейшілік,
Алыс жолға төзбеді кемең шіріп.
Тастай қаштым сұлбаңды шұрық тесік,
Ақ шаңқан бір лайнерді керексініп.
Баяғыша ығар ел соққан желден,
Ойнамайды аш бала тоқ баламен.
Байдәулет пен Бейдәулет егеседі,
Жерді даулап су тегін жатқа берген.
Ашты көрсе қалар тоқ кереңсініп,
Шалшық көрген тоғандай тереңсініп.
Кеше ғана ортаңда болып едім,
Бүгін міне отырмын бөтенсініп.
Саған қарсы күресем, Кедейшілік,
Жек көремін тылсымды сендей былық.
Жайлаған соң аштық пен жалаңаштық,
Жұтатқан-ау Тәңірім шөлдей қылып!
Әр заманның кедейі әр алуан,
Ал жоқшылық қашанда – қара тұман.
Қарманумен келеді қанша ғасыр,
Талшық іздеп сабылған жаман-жұман.
Сұлтанмахмұт «Кедейі» оқымаған,
Нарық, салық ілімін тоқымаған.
Сауаты бар ал менің кедейімнің,
Сонда да ісі мандымай тоқыраған.
Оның себеп-салдары шырмауықтай,
Салып қойған мойынға зіл қамыттай.
Жең ұшынан жалғасқан ұрлық-қарлық, –
Үдеріске бөгет боп, тұр дамытпай.
«Бас-басына би болған өңкей қиқым»,
Пай-пай шіркін, қарай гөр «дөкей» сиқын!?
Бұзған шырқын ел-жұрттың, қағанаттың, –
Кілең жемқор халқына өгей құзғын!
Сорып жатқан ел қанын нендей сүлік,
Тояр емес, тұмсығын дендей сұғып?!
Ұзақ қыстап қалған бір жұт қонақтай,
Қазақ елін қимайтын Кедейшілік ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу