Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  97


Автор: Сəбит Бексейіт

Замансараптама

Үкілі үмітпен оянбақ адам таң ата,
Күн бүгін шығардай ізгі бір хабар тарата.
Бөлме ішінде кезіп жүр бозамық сәуле,
Үстел үстінде – өміршең «Махабхарата».
Көне үндінің осы бір өлмес кітабы, –
Тап бір адамзат жадының сөнбес шырағы.
Неткен керемет!
Қалайша дәл келіп отыр
Бүгінгі таңда
Айтылған көп болжамдары?!
Ғасырлар асып, қыранша шырқап самғата,
Кешеден келдің
Бүгінге, «Махабхарата».
Әр жайды аңдата
Абызша сөйлеп отырсың,
Заманаларды саралап, талғап, толғата...
Судыр қаққанда әр парақ – сыр ақтарылар,
Біздің бүгінгі заманжай анық танылар.
Аң-таңмын... – өзіме етене жайттар,
Гөй-гөйлеп айтса тізбелеп, халық қамығар.
«Кедейшілікке ұшырап рухы биіктер,
Ұсқынсыз болып көрінер ұлы, сүйікті ер.
Байлыққа бөгіп күнәһар, кілең қылмыскер,
Өрде озып солар, тұрады ылғи күтіп төр.
Құрдымға кетіп әділдік, туы жығылып,
Аққа жақ болмай, шарасыз тұр ел булығып.
Заңсыздық етек жайып ап, құрып салтанат,
Әділет ығып,
Әбілет салды қиғылық.
Зар илетумен атқан соң сарыала таңы,
Қу кедейшілік қайткенде тұралатады.
Рухани кенен тұлғалар ғұмыры келте
Өмірзаядай тым ерте солып жатады...
Түйені жұтып түгімен, тоймай асайтын,
Жұтса да қанша, қақалып бір шашалмайтын,
Байлық қызығын көреді жарық жалғанда
Ақымақтар мен ашкөздер ұзақ жасайтын.
Кеще де болса, ажалсыз тажал Кащейдей,
Қашан да болса талдаңдай басар тасы өрлей.
Ел сиқы кетіп, болса да өңкей бір қиқым,
Масайрап жүрер,
марқайып жатар Хас Ердей.
Ақылды-есті айналды түгел қорқаққа,
«Ләббай-тақсырлап» жалпаңға үйір, жортаққа.
Үрейге бойын жеңдіріп алып көп мұндар,
Қалай түскенін білмей де қалды тор-қапқа.
Ұрлық пен қарлық,
Жемқорлық қоғамды жайлап,
Тоналды ел-жұрт тұттай боп, тоналды байтақ.
Қалт-құлт етіп күн кешсе қалың ел жарлы,
Дүниеқоңыз пенделер қоңданды жайнап.
Қара деп ақты айтқан соң, ақ деп қараны,
Төтеп береді қай елдің өрен-жараны?!
Сенім атаулы жоғалып әбден тынған соң,
Қатыгездіктің ашылар тәбет-араны...»
Осылай дейді үндінің көне жазбасы,
Бұған теңесер қай елдің көмбе қазбасы?
Арғы да бергі дәуірге болжал айтады, –
Тап бір пәрменді замана сараптамасы.
Болжамың дұрыс,
Дәл шықты «Махабхарата»,
Санда ғана емес, болсын де адам санатта.
Адасқан ел-жұрт оң-солын тани алмаса,
«Махабхарата»,
Абыз боп Заман сарапта!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу