Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  98


Автор: Сəбит Бексейіт

Сен санамның сыңары ең

Шынында да,
адамға көп керек пе?..
Келер нәсiп мысқалдап, төкпелеп те.
Жарық жалған болған соң, оған сiрә,
керегi жоқ ренжiп те, өкпелеп те.
– Қайтедi оны, – деушi едiң марқұм iнiм,
ештеңенiң елемей нарқы–құнын.
29 ақпанға сыйып тұр-ау,
өзiңдi-өзiң iздеген бар ғұмырың.
29 қыс көрдiң, көктем емес,
саған күннiң мол нұрын төккенi – елес.
Жетсе адамның түбiне жетер, бәлкiм,
көппен егес немесе Көкпен егес!
29 рет қана қар бастың да,
оңаша қап ажалмен арбастың да,
көз көрмеске жөнелiп кете бардың,
Жаналғыштың жалына жармастың да.
Үстiмде – Көк, қара жер бар астымда,
жайраң қақтым жаhанмен жарастым да.
Сәуiрде мен тәуiр боп тұрмын мiне,
ал сен қалдың ақпанда, қар астында.
Табанымда – қара жер, төбемде – Көк,
Сәуiр айын бар айдан көрем бөлек.
Төремдейiн күтер ем, келмедiң ғой,
құт-қонағым, болды ма төтен себеп?
Түгесiлмей қалды ғой көп әңгiме,
бiз отырған көктедi көгал, мiне.
Бас қоспаймыз ендi бiз ешқашан да,
жан сырласым, ыстық сәт жоқ мәңгiге.
Көз жазып қап санамның сыңарынан,
тоғай-көңiл айрылды шынарынан.
Қара бұлтты мың мәрте қуса да Күн,
арылмадым мұң-қайғы мұнарынан.
Сағынады сыңарын саяқ санам,
Кешiр, кейде рухыңды оятса ағаң.
Нысаналап Егiздер шоқжұлдызын,
күттiм саған сапарлар сағатты алдан.
Сұңқар жан ең жаралған самғау үшiн, –
Тәңiр ала бере ме таңдаулысын?..
О дүниеден шақырсам бұ дүниеге, –
жандалбаса жетер ме жан дауысым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу