Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  106


Автор: Сəбит Бексейіт

Жад кітабы

Басынан қанша өткiздi налалы шағын,
Жеттi мезгiлi, тауысты дала шыдамын.
Кешегi ұрпақ алданды, бүгiнгi ұрпақ
Бейуақыттың сiлкiлеп қағады шаңын!
Әр әскеридiң алдында – дала картасы,
Атамекеннiң жылайды жаралы әр тасы.
Алатауымның желкесiн қиғалы тұр-ау
«Уран байытқыш» өзiнiң Қарабалтасы?..
Демiккен дала төсiнде аш арық бала –
Өз түтiнiне өзi тұр шашалып қала.
Қарауың мүмкiн Арқаның табиғатына
Дәрменсiз жандай көзiңе жас алып қана.
Ғарыш айлағын жұрт кеше жамырап ашқан,
Зымырандардан тұр бүгiн қақырап аспан.
Жер-дүниенiң шыққанда астан-кестенi,
Жез киiктерiм шошынып шашыла қашқан.
Жүредi барға көңлiмiз қашанғы көншiп,
Немқұрайдылық иектеп, енжарлық өршiп ?
Аралдың сорын қайнатса мақта мен күрiш,
Балқаштың бағын байлады жасанды көлшiк.
Семей тағдырын қойғандай телiп апатқа,
Толықтай жауап жоқ әлi «жетiм» талапқа.
Үдере көшiп бар халқы, атына сай боп,
Қалмасын түбi жұртында –
ЖЕТI ПАЛАТКА!
Қомағай ковш… ашылды араны тағы,
Көмiр тиеген составтар барады маңып.
Жауынгер сынды қансырап ыңырсып жатқан,
Қарды дәке ғып жатыр жер жараны таңып.
Жалғанда жалғыз туған жер – дара тұрағы,
Төл перзент қана ол үшiн ара тұрады.
Жазылып жатыр түтiнмен, шаңмен, күйемен
ХАЛЫҚ ЖАДЫНЫҢ қыртысты
ҚАРА КIТАБЫ…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу