Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  67


Автор: Сəбит Бексейіт

Сол бір боздақ

– Сол бiр боздақ… -
тылсым үн күбiр еттi,
Тұла бойды бiр ызғар тiтiреттi.
Түн iшiнде айтылған бұл өкiнiш,
Сондай суық һәм сондай құдыреттi!
Жерден?
Көктен?
Боздаған үн келедi,
Түйе қомы салбырап түн келедi.
Ана қырдан көресiң, мына қырдан,
Ботақанын iздеген мұңды ененi.
Көкжиектен боздаған үн келедi,
Жаудыраған бота көз күн келедi.
Таңды таңға шаршаған ұластырып,
Көзiн iнген әзiрде iлген едi…
Ботасы едi бiр үйдiң, бiр ауылдың,
Кеттi адасып iшiнде сұр дауылдың.
Келедi үнi боздаған қиян шеттен,
Түскеннен соң басына сұрапыл күн.
Аруана – Жер-Ана, батаң дарып,
Ақ нар болды кiшкене ботақаның.
Атой салып аттанып ОТАН үшiн,
Ана сүтiн ақтады, ата қанын!
СОЛ БIР БОЗДАҚ,
Әлемнен боздап өттi,
Адамзаттың жүрегiн қозғап өттi.
Айтыңдаршы, оларды кiм айтады:
Босқа келiп өмiрге, босқа кеттi?!
Он сегiзде бөленген өрт-сезiмге,
Өршiлдiгi ұқсайтын өр теңiзге.
Түбiт мұрттай үп етiп жанып кеттi,
Қалды артында отты iздер, өртең iздер!
Жыл думанды рәсуә, жыл базарлы,
Ұшқын тиiп лаулады жиырма-жалын!
Жыр мейрамы тосып тұр әлi күнге,
Әлi күнге тосып жүр құрбы ажарлы…
Жиырма жалын болса егер, отыз – оттын,
Ұрыстарға бастайтын полк, взводты.
Фашизмнiң ордасын бұзды ақыры,
ОМЫРАУМЕН ОШАРЫП ЖАУ ДЗОТЫН!
Жасады да жауына өрт ошағын,
Әзiрледi жендетке көр-тозағын.
Жиырмада едi, әттең, ол жыр жазатын,
Отызда едi, әттең, ол өрде озатын!..
Зұлымдықты үрейге бөлеп өттi,
Iзгiлiктi ән еттi, өлең еттi.
Алапатпен қан кеше арпалысып,
Бар дауыспен оқыды «Кереметтi».
Бұла таңның өзiндей өндiр едi,
Жүрегiнiң қалауы – ЕРЛIК едi.
АЛАУ ҚАНҒА МАЛШЫНҒАН
КӨЙЛЕГI ОНЫҢ –
ЖАЛАУЫ БОП ОТАННЫҢ ЖЕЛБIРЕДI!
Поэзиям, ерлiктi әспетте ерек,
Ер есiмiн өшпейтiн қастерлеп өт.
Қыран сынды қияда мерт болды да,
ӘБДIРОВ боп
қалды олар,
ГАСТЕЛЛО боп!
Еш қылды олар Гитлердiң «күресiн» де,
Қақ бөлдi олар свастика, кресiн де.
Қиялидың тәрк етiп сандырағын, –
«Майн Камфты» тастады күресiнге!
Қорқауларға дем берген «асқан тектi»,
Адамзатқа Ницшелер бастан кектi.
Фашизнiң сыпырып бет пердесiн,
БАУБЕК сонда памфлет жазған лептi!
Тарихта олар қалды БРЕСТ ҚАМАЛЫ боп,
Полесьенiң жап-жасыл жамалы боп.
Туған елдiң тiк ұшқан түтiнi боп,
Туған жердiң таңғы ескен самалы боп.
«ЖАС ГВАРДИЯ» боп қалды,
«ТАС ТҰҒЫР» боп,
Ұрпақтардың үлгi етер дәстүрi боп.
Он екiде бiр гүлi ашылмаған,
Мәңгi бақи қалды олар
ЖАС ҒҰМЫР боп!
Елдiң ОЛЕГ, ЗОЯДАЙ ұл-қызы көп,
Көктем сайын келедi жыл құсы боп!
Жарқырайды ӘЛИЯ, МӘНШҮК сынды,
Күншығыстың қос тана жұлдызы боп!
Тұлғасы асқақ, ал жүзi жарқын, керiм,
Сол бiр ердi көресiң әр күн келiп:
Көтерiп тұр бүлдiршiн немiс қызын,
АЗАТКЕР боп Трептов паркiндегi !
Бiр минут үнсiздiк.
Ұлын ана,
Ерiн жары,
Әкесiн бала
еске алып тұр…
… Мың минут үнсiздiк…
Азаматын ауыл,
Ұрпағын әулет,
Шәкiртiн мектеп
еске алып тұр…
… Миллион минут үнсiздiк…
Батырын халық,
Сарбазын әскер,
Ұланын Отан
еске алып тұр…
… Миллиард минут үнсiздiк…
Шәһитiн елдер,
Құрбанын құрлықтар,
Қазасын Планета
еске алып тұр…
… Жалқы минуттан
миллиард минутқа ұласқан
сарқылмас сағыныш-ай,
үзiлмес үмiт-ай,
арзымас арман-ай!..
Жау күлкiсiн әңгүдiк күмiр еттi,
Ер өмiрiн мәңгiлiк ғұмыр еттi!
Жау сүйегiн үгiтiп сұр күл еттi,
Ел өңiрiн жайқалтып нұр гүл еттi!
– Сол бiр боздақ… –
Жер-Ана күбiр еттi,
Күн гүр еттi тiтiреп, гүл дiр еттi.
Мұңды күйге бөлейдi дүниенi
ЖАН АЗАСЫ – РЕКВИЕМ құдыреттi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу