Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  118


Автор: Сəбит Бексейіт

Елу елер белес пе?

Елу деген келу ме жолортаға,
саған да, жас, осы "бақ" қонар, тоба!
Бақыттысың – арадай дамыл таппай,
бал жинап сен үлгiрсең омартаға.
Жауға өкпелi бiреулер, досқа өкпелi,
ойында жоқ тым ұзап көш кеткенi.
Қиға қонып шыбынша шыбжыңдасаң,
жарты ғасыр ғұмырдың босқа өткенi.
Жас ұқса да, жүре ме қартың ұқпай,
кеңге құлаш ұрғызған таршылық қай:
50 десе, сан көрем көзге қораш, –
0,5 литр жартылықтай.
Өттi өмiрi талайдың жарты iшумен,
аяқталып әр кештiң арты шумен.
Жарты ғасыр өттi ғой жанжал iздеп,
айтысумен жақ жаппай, тартысумен...
Елу – желу емес рас, айдан анық,
жортақтайсың өзіңше қайда лағып?
Қырық жаста қам жасап, қамба салып,
жүр бүгiнде көп құрдас пайда тауып.
Елу – беру екенi имандай шын,
берерiмдi берсем деп қиялдайсың.
Сол берерiң жоқ болса – құр бос әуре,
“Беремiн!” деп тыштаңдап
кiмдi алдайсың?!
Елу – жеру екенiн жасыра алман,
Қай кезде де қол бұлғар асыл арман.
Әр сұлуға ұрлана көз тастайсың,
отты жанар түйiссе жасып әрмән.
Елу – теру тiрнектеп нәсiбiңдi,
үйде – тұрмыс, түзде күйттеу кәсiбiңдi.
Бар-жоғыңды төрт мүшел шашып келiп,
ендi өзгерте қоймақсың рәсiмiңдi.
Елу десе елiрiп, еңселеме,
ел ағасы сен десек, ел сене ме?
Елу – iштiң желi мен көздiң шелi,
еңсең түсiп, шау денең теңселе ме?
Алғырлық пен iскерлiк арын сыйлар,
артық миың, кем десе, дарын сыйлар.
Жоқ дарынды тоққарын болдырмайды, –
артық қиың, көп болса, қарын сыйлар.
Елу – елер белес пе, кiм айтады,
Қоштаған сөз көңiлдi тыңайтады.
Елер еңбек болмаса, елеу қиын, –
келемеж ғып кейбiреу сын айтады.
Орынды ғой мерейтой, болсаң лайық,
еленсе еңбек, шүкiр деп жайраңдайық.
Елу бiрақ өлу боп естiлген соң, –
мәймөңкеге бармаған Иран-Ғайып!..
Елу – өлу дегенiң әйбат қандай,
мысқыл бардай бұл сөзде, айбат бардай.
Елу – қанша дегенмен, – қызыл iңiр,
ал Жиырма бес ағарып атқан таңдай.
Елу – көну, менiңше, кекселiкке,
iштей бекiп жол бермеу көп желiкке.
Елу – көну бұйырған жақсылыққа,
тәуба қылу қолда бар игiлiкке?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу