Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  106


Автор: Сəбит Бексейіт

Киетегім - ақбура

Сұрамай-ақ тегiмдi тұрсың бiлiп,
Көңiлiңе көнетоз кiр сiңдiрiп.
Қасаң сенiң қағидаң, ескi ережең
Күрт сындырып тастады, күрсiндiрiп.
Құтты орынға қонғалы «ылайық» қып,
Қутың-қутың етесiң тыңайып тым.
Қызықпай-ақ қойдым мен өлексеңе, –
Көп құзғынның iшiнде бидайықпын.
Жақсылықтың шыбығын егiп өтем,
Әдiлеттiң барына сенiп өтем.
Мәдименен ұстасса туысқаны,
Менiменен қастасты тегi бөтен.
Құлы екенсiң жел-сөздiң, тек өсектiң,
Жазықсыздан менi сен неге сөктiң?
Тырыссаң да бағамды кемiтпек боп,
Дарабозбын iшiнде көп есектiң!
Бастан бағым, тақымнан тағым кетiп,
Барғаным жоқ дәп саған шағым етiп.
Тәңiр берген, иншалла, нәсiбiм бар,
Хақ жолына дөп келiп ақ ниетiм.
Ойлағам жоқ басым мен бақтың қамын,
Ойлағам жоқ тақым мен тақтың қамын.
Қияметтен өтемiн Кием қолдап, –
Көп жабының iшiнде АҚБУРАМЫН!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу