Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  122


Автор: Сəбит Бексейіт

Өзіне адам таразы

Жұмыр жердiң үстiнде,
Жұмыр басты көп пенде:
әлсiзiң де, күштiң де,
бiртоға да, өктем де
қалт-құлт етiп келедi
секiлденiп таразы.
Жазмыш бiрiн еледi,
ал бiрiне – наразы.
Оң иықта – перiште,
сол иықта – сайтаны:
бiрi бастап жеңiске,
қолдау сөзiн айтады;
ендi бiрi түрткiлеп
сор-бейнетке бастайды,
жасап демде түн-түнек,
айдалаға тастайды.
Жақсыға тән тасынбау,
перiштесi тұр биік.
Перiң тұрса басымдау,
салғызады қиғылық.
Өлшейтұғын салмақты
кiр тасындай бұлар да,
қайсы кiмдi талғапты,
әркiмге еге ұнар ма?
Оң жақ пенен сол жаққа
кезек-кезек салмақ сап,
әркiм өзi болмаққа
ұмтылысқан жалбақтап.
Тең баса алмай аяқты,
қойқаң-қойқаң етедi.
Көп жеген ер таяқты
мақсатына жетедi.
Қол-аяғың талғанда,
перiштең де түсiндi.
Пенделер бар жалғанда
бiр иығы түсiңкi:
перiштең бе басымдау –
оң иығың шығыңқы,
сайтаның ба басымдау –
сол иығың шығыңқы.
Ойламай-ақ жан қамын
Таразы-Жан күнелткен,
өз құны мен салмағын
өлшеуменен күнi өткен.
Өткен артық жалғаннан
қарапайым адам боп,
тойынғаннан, алғаннан
азып кеткен надан көп.
Алданбаңдар, байқаңдар,
зұлымдар бар мыстани:
адам ба, әлде сайтан ба
Гитлер мен Сталин?!
Дүниеден өтедi
перiште боп iзгi жан,
сайтан болып өтедi
пәле қуған зұлым жан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу