Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  81


Автор: Сəбит Бексейіт

Ақын досқа

Жақсы жыр аңсап тек, күтiп тек,
өттi ғой қып-қысқа бар ғұмыр.
Жыл сайын өз-өзiн түтiп жеп,
зарығып жүдедi зарлық ұл.
Әр пенде өзiнен аспайды,
бiреудiң аңсары – жар сұлу.
Бiреуге қыз түгiл, бас қайғы, –
өзiнiң iшiнде жан сыры.
Бiреуге уайым – мал-жаны,
бiреудiң баққаны – кәрi әже.
Бiреуге уайым – мансабы,
бiреудiң аңсары – дәреже.
Бiреудiң мiнгенi – “Мерседес”,
бiреудiң көлiгi – автобус.
Бiреудiң болса ылғи еңбегi еш,
Бiр мықты жайлайды бақ-қоныс.
Өмiрдi өзгертпек түгiлi,
тiптi оны таныта алмаса,
Қайтейiн үмiттi үкiлi,
олақ жыр әншейiн далбаса!
Жақсы жыр – қиынның қиыны,
жүректiң өзiндей жұп-жұмыр.
Ой селi hәм сезiм құйыны, –
тiлсiз бiр тылсым ғой жыр-ғұмыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу