Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  102


Автор: Сəбит Бексейіт

Қараң қалған қу тірлік

Жер иесi – уәй, Қамбар,
күйге түстiм айғайлар:
қара жердiң қазығы
қолыңда ма, пайғамбар?!
Кешiп бастан кемдi күн,
күдiктенем ендiгi.
Сен болмасаң, бұл жерге
болады ие ендi кiм?
Ұсынғанмен сұм ұлың,
қайтем оттың сұлуын?
Жетедi ғой пендеге
Күн нұрының жылуы!
Болмайды ешбiр құт-қару,
атом нағыз жұт-қару.
От перiсi – Исатай,
өз қолыңда құтқару!
Су патшасы – Сүлеймен,
арылмадық үрейден.
Күнi-түнi шығамыз
арпалысып дүлеймен.
Қарайлаймыз Қағбаға,
болмаған соң лаж тақа.
Аранын мол ашады
ядролық аждаһа!
Қорқып жеймiз тамақты,
бiр ашпаймыз қабақты.
Қырық жыл бiз – тұтқынбыз,
ал полигон – абақты!
Сөйтiп жүрiп «жетiлдiк»,
үйден бақты кетiрдiк.
Ата-жұртсыз ұрпаққа,
кiм бередi кепiлдiк?!
Тiрi жетiм көбейдi,
«өндiремiз» өгейдi.
Өгей әке-шешенi,
кiмдер келiп бөгейдi?
Әкем жетiм қалғанда,
шешем жетiм қалғанда,
бiздi тiлеп құдайдан
алжасты ма жалғанда?..
Жалғызiлiк жүдетiп,
бастан қилы күн өтiп,
қосылды да қос жетiм,
өстi әулетi дүр етiп.
Қайтейiн-ау өскенiн,
көзi тидi өзгенiң.
Айтылмаған шығар-ау
«көп – шөп» деген сөз тегiн?..
Отыратын күнұзын
талғажау ғып ризығын,
кеттi-ау әкем көре алмай
немеренiң қызығын!
Сарбаз болып жүрген ед,
есiн алды самолет.
Аты тосын – «Бэкфайр»*,
баламасы – Үлкен От.
Ұстап дертi баяғы,
жаман болды аяғы:
Кеттi-ау iнiм арманда
бар бiлгенiн зая ғып.
Бейдауа ауа, улы су –
тарылады тынысым.
Таңертең де, кешке де
болмай отыр тынышым!
Әйел ауру, мен ауру,
маңайдағы ел ауру.
Бiр сау адам көргем жоқ,
құрып кетсе – белi ауру.
Шешей болса – сал ауру,
ең сұмдығы – бала ауру.
Қаны азайып, әлсiреп,
пысылдайды танау құр.
Қарындасым қапалы,
күйеу таппай опалы.
Бiр сорлыға жолығып,
кiшкентайы жоқ әлi.
Ана iнiмде бала жоқ,
мына iнiмде бала жоқ,
белсiз бе екен шынымен,
шетiнен бiр шала өзек.
Ерiндерi дiрiлдеп:
– Би Бәтимә пiрiм! – деп,
жүгiнсе де келiндер,
ескермейдi бiрiн де.
Тiлсiз тылсым құтырды,
қорғансызбын бiр түрлi…
Нәлет айтам мен саған,
қараң қалған қу тiрлiк!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу