Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  96


Автор: Сəбит Бексейіт

Желтоқсан алаңы

Байсалды да сабырлы дос!
Желтоқсанда, Брежнев алаңында
болдың ба, әлде сырт көз боп қарадың ба?
Қызықтаушы ең бұрындар құр жiбермей,
еңбекшiлер шеруiн де,
қызыләскер парадын да…
Әлде сенiң шаруаң жоқ па мұнда,
(әсем өнер туралы тақпағың да) ?
Талғамайды қарсы мен жақтағанды:
жатыр бiр оқ мылтықтың оқпанында…
Тыңда!
Бәрiн, сен бейбақ, ұмыттың ба,
тiрлiк мәнiн тәптiштеп шын ұқтың ба?
Тоңазытқыш – кеудеңе салып қойып
жүрегiңдi бiржола суыттың ба?
Геноцидке ұштасқан көлгiрсуi,
масайтады тентектеу мөлдiр суы;
түлкi бұлтақ, дәйексiз бүкiл ЖҮЙЕ
тұрғанда осы – оңай ма өмiр сүру?!
Бүгiн бетiн бередi, ертең өтiн,
өзегiңдi өкiнiш өртеп өтiп;
ертегi етiп жазады құбыжықты,
табылса игi шәйiрiң шер төгетiн.
Сүйенбесе ширығып ер жiгерге,
көк байрағы жығылмай желбiрер ме?
«Система-анам» деп егер емiренсең,
ол да сенi «ұлым» деп елжiрер ме?!
Қай шындықты айтамын кекшiл ерге,
жалған айтсам жалтарып – тепсiнер ме?
СИСТЕМА – ана емес қой, – ӨГЕЙ ШЕШЕ
жүргенiңдi жер басып көпсiнер де…
Қайран жұртым, талайсыз таланың ба –
қалдың ақыр танктiң табанында.
Күнi кеше, бүгiн де көрiп жүрсiң
құланың да құқайын, аланың да.
Жаққан күйе әлемет, жапқан жала, –
басым түстi-ау, қайтейiн, ақтан қара!
Күйiп кеткен нақақтан қандай жаман,
күңiрендi тып-тыныш жатқан ДАЛА!!!
Тебе ме екен өкпеге өкпелiнi,
жасқай ма екен күштiнiң өктем үнi?
Боранды күн құтырып, ойнақ салып,
қызыл иттер талады көк бөрiнi!
Жауға атылған кезiңде барыс дедiм,
жайрап жатқан кезiңде арыс дедім –
жеткiзе алмай дағдарған өз ойларын
менiң албырт ДЕКАБРИСТЕРIМ!..
Көрдiм гүлдiң бүршiгiн жармағанын,
ұлын жоқтап ананың зарлағанын!
Сенат алаңында да патша әскерi
қыршын жастың төкпеген
ҚАР-ға ҚАН-ын…
Қасiрет қой, қасiрет, шын қасiрет,
әзiрлейдi жауыздық мыңға шiрет.
Арандатып алып ап – ең сұмдығы –
шыға келер «ұлтшыл» деп бiр қара бет!
Кеткенiң бе ажалдың аранында,
түгесiлiп өренiң, жараның да?
Түптiң түбi Ақиқат сәтi туса –
жауаптасар кез келер Ар алдында!
Желтоқсанда, Брежнев алаңында
қызыл қанға бөктi ұлан, нала-мұңға.
Жауыздар кеп жазықсыз жазаласа –
ТАР ҚАПАС боп көрiнер ҒАЛАМЫҢ да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу