Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  91


Автор: Сəбит Бексейіт

Қарашада

Қарашада… оңашада…
Ұқсағым кеп дана шалға,
Отырамын ойын қумай,
Мойын бұрмай тамашаға…
Бұл құдайдың құрғыр айы,
Қара суық ұрғылайды…
Балықшыдай ау құраған,
Қаудыраған жыр құраймын.
Жүген, ердi күзге бердiм,
Менде хал жоқ қыз елерлiк.
Шыбын жаным шырқырайды,
Сырқырайды тiзелерiм.
Болмасам да мен жалаңаш,
Болмасам да мен аш адым.
Жылу iздеп, қорек iздеп,
Жандәрмен боп жанталасам…
Киiмiм көк, тоқ тамағым,
Нан мен тонды жоқтамадым.
Шүкiр, күйлi-қуаттымын:
Жалқын жүзiм, от жанарым.
Киiм емес иiнге ерек,
Керек маған зейiн зерек.
Түйiр емес қарыныма,
Дарыныма түйiн керек!
Қарашада, оңашада,
Ой келедi, о, жасаған!
Оңашалық – даралық қой,
Дара алып қой Олжас ағам.
Жалғыздықта туар сезiм,
Бал қызықты қуар кезiм:
Буар төзiм бойда күштi,
Ойдағы iстi суар, сөзiм.
Жаным саяқ, оңашада,
Сезiм ғажап, ой тамаша!
Ой мен сезiм өскен сайын,
Бой да өседi тайталаса…
(Айтты деме ерiккесiн,
Бөстi деме зерiккесiн.
Бойы тапал ақын құрдас
Олжекеме елiктесiн…)
Ашықтым мен, тоңазыдым,
Нәр, от iздеп алағыздым.
Миыма кеп ұялар Ой,
Сен – талшығым, жан азығым!
Жыр-нәр, жыр-от – сағынышым,
Солар үшiн сабылдым шын.
Жүрегiмде туар сезiм,
Сен – рухани жамылғымсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу