Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  98


Автор: Сəбит Бексейіт

Жаз

Жаз – джаз айы…
Аз жазсам да, жаз жайын саз жазайын,
Маужыр маусым, тамылжыр тамыз қандай,
Шiлде қандай шiлiңгiр – маздақ айым!
Жаз – джаз айы…
Кештiм бастан армансыз кiл әйбат күн,
Сауық-сайран, думанды қыз қайнаттым.
Сыбызғыны сызылттым айлы кеште,
Жұлдыз жауған түндерде сырнайлаттым…
Саябағы жап-жасыл – жанға жайлы,
Тәнге рахат – саршағыл жағажайы.
Жарқылдағы секiлдi фотоаспаптың,
Селт еткiзер ақ сәуле нажағайы!..
Жаңбырдан соң озонды тұнса ауасы,
Осы ауаның бар сынды мың дауасы.
Тәңiрияның иiнағашындай
Кемпiрқосақ, дәлiрек – Күн доғасы!
Тамыз өтiп барады… тамаша айым!
Жыр да азайып бара ма, ән де азайып?..
Жаз сағынтып, аңсатып жетедi де,
Көрген түстей жоқ болар таңғажайып…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу