Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  110


Автор: Сəбит Бексейіт

Жеті сарапшы

Шығыстың жетi жұлдызы
Нұрлантып Муза аспанын,
Төгiптi кiлең үр сұлу,
Рубаят, ғазал, дастанын.
Жетi жұлдыз дегенiң –
Кәдiмгi Жетiқарақшы,
Олардың құтты мекенi –
Темiрқазық – дара шың.
Жол торып тұр-ау жырақта,
Болар ма бұдан ауыр сын?
Қолдарында бiрақ та…
Сұр жебе емес, қауырсын.
Жай тоспа емес, жыр тоспа,
Өткелi лира, музаның,
Беттемес надан, жылпос та,
Бiтпесе жетер қу жаным!..
Тоспадан осы өтпек ем,
Арбалмай, яки қармалмай.
Шырмауға түстiм әттеген,
Болар ма мендей “сормаңдай” ?!
Қолды болдым, шырмалдым,
Санамды арбап аулады,
Лапылдап келiп жыр-жалын
Жүрегiмдi жаулады!
Арбалмақшы ендi кiм,
Шарықта, жаным, шарықта,
Арбалған-ау мен түгiл,
Гётедей заңғар алып та!
Жетiқарақшы емес қой,
Дұрысы – Жетiсарапшы.
Емеспiн мен де әуесқой,
Ұсынсам деп ем ғажап жыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу